Қазақстандағы науқас балалар шетелде емделе алатын болды
Қазақстандағы ауыр науқас балалар шетелдерде емделуден өтуге мүмкіндік алады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік Қоғамы мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қол қойған меморандумда айтылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Меморандумға сәйкес, Қазақстанда емдеуге жарамайтын қатерлі ісік сырқатына шалдыққан 100 бала шетелден ем алуға барады. Сондай-ақ, меморандум аясында церебралды сал ауруына шалдыққан 1500 бала сауықтырудан өтеді, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, ардагерлер мен ерекше мұқтаж адамдар,а көмек көрсетіледі екен.
Қордың хабарлауынша, аутизмге шалдыққан 100 бала дәрі-дәрмексіз түзету ем-шарасымен қамтамасыз ету де жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстанның шалғай аудандарына медициналық көмек көрсету ұйымдастырылмақ. Мұндай көмекпен 60 мыңдай адам қамтылады. 600-дей бала Қазақстан бойынша тегін туристік экскурсияға баруға мүмкіндік алса, 1400 ардагер республика және ТМД елдерінің ішінде пойызбен тегін жүру мүмкіндігіне ие болмақ.
«Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, бұл меморандум әлеуметтік саланы ары қарай дамытуға септігін тигізеді.
2019 жылдың басынан бері «Самұрық-Қазына» 15 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды, оның бюджеті 4,8 миллиард теңгені құрайды.