KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, СБ
509.75 594.67 6.46

Шығыс Қазақстанда энергетика саласының үздік қызметкерлері марапатталды

23.12.2025, 18:30 159 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында Энергетиктер күніне орай өңірдің энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуы мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан сала мамандары салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Саланың үздік өкілдеріне «Еңбек сіңірген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілері, «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медальдары және облыс әкімі атынан алғыс хаттар табысталды.

Шара барысында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов энергетика саласының маңызын ерекше атап өтті.

– Энергетика қай кезеңде де мемлекеттің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды сала болып қала береді. Ауа райының қолайсыздығына, түрлі қиындықтарға қарамастан, энергетиктер өңірімізді тәулік бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2031 жылға дейін Шығыс Қазақстанда жалпы қуаты 670,6 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде шамамен 150 МВт қуат жаңартылатын энергия көздері есебінен өндіріледі. Бұған қоса, жалпы қуаты 1322 Гкал/сағ болатын жылу инфрақұрылымын жаңғырту жобалары қатар жүзеге асырылуда.

Бүгінде сала мамандарын әлеуметтік қолдау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Республикада алғаш рет жүзеге асырылып жатқан «Шығыс маманы» бағдарламасы аясында 2024–2025 жылдары энергетика саласының қызметкерлеріне жеңілдетілген шарттармен 37 пәтер берілді.

Марапатталғандар қатарында «Өскемен Су арнасы» кәсіпорнының бас энергетигі Виктор Польников та бар. Ол «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

– Энергетика саласында 47 жыл еңбек еттім. Қазіргі уақытта «Өскемен Су арнасы» кәсіпорнында бас энергетик болып жұмыс істеймін. Бұл марапат – мен үшін үлкен құрмет. Әсіресе, дәл қазір берілгені ерекше әсерлі, себебі екі күннен кейін зейнетке шығып, еңбек жолымды аяқтаймын, – деді Виктор Польников.

Сондай-ақ, «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі Риддер қаласындағы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын жылу желілерінің меншік иесі Елена Рябининаға табысталды.

– Бұл желілермен 1999 жылдан бастап әкем айналысқан еді. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтті, мен оның ісін жалғастырдым. Кәсіпорнымыз көптеген қиындықты бастан өткерді. Әкем Кеңес Одағы ыдыраған күрделі кезеңде жылу желілерін салуға атсалысып, инфрақұрылымның күйреуіне жол бермей сақтап қалды. Бұл марапат мен үшін аса қымбат. Әкем бүгін тірі болса, менімен мақтанар еді деп ойлаймын, – деді Елена Рябинина.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының энергетика саласында бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізілді. Соңғы бес жыл бойы орын алған электр энергиясы тапшылығынан кейін, соңғы екі жыл қатарынан өңірде тұрақты профицит сақталып келеді. Ағымдағы жылы электр энергиясының артығы 479 млн кВт·сағты құрады.

Шығыс Қазақстан дәстүрлі түрде еліміздің гидроэнергетика орталығы саналады. 1952 жылы негізі қаланған Өскемен су электр станциясы орнатылған қуатын 368 МВт-қа дейін арттырды және 2027 жылға қарай оны тағы 12 МВт-қа ұлғайту жоспарланып отыр. Болашақта жалпы қуаты 148,6 МВт болатын тоғыз шағын су электр станциясын салу көзделген. Сонымен қатар, жиынтық қуаты шамамен 2 ГВт-ты құрайтын 95 шағын ГЭС салу мүмкіндігі қарастырылуда.

Өңірде жылу энергетикасын дамыту жұмыстары да жалғасуда. 2025 жылы облыстың бірқатар аудандарында жылу көздеріне ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлан ауданындағы Таврия ауылында жаңа қазандықтың құрылысы аяқталып, 1990-жылдардан бері болмаған орталықтандырылған жылумен қамту қайта қалпына келтірілді. Алдағы жылдары Тарбағатай, Самар және Марқакөл аудандарының жаңадан құрылған аудан орталықтарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асуда. Өскемен ЖЭО-сы облыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық сектордың 80 пайыздан астамын жылумен қамтамасыз етеді. Станция 2028 жылға дейін қуаты 130 Гкал/сағ болатын жаңа қазандық пен 100 МВт турбоагрегаттың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Согра ЖЭО-ның жылу қуатын 92 Гкал/сағ-қа, электр қуатын 50 МВт-қа арттыру көзделген.

Соңғы үш жылда Риддер ЖЭО-сы ауқымды қалпына келтіру кезеңінен өтті. 2022–2023 жылдардағы жылыту маусымында орын алған апатты жағдайдан кейін, 2023 жылы станция мемлекеттік меншікке берілді. Алты қазандық агрегат, екі турбина, 26 шақырымнан астам жылу желілері және өзге де инфрақұрылым нысандары күрделі жөндеуден өтті. Нәтижесінде станцияның тозу деңгейі 32 пайыздан астамға төмендеп, 43 пайызды құрады, ал жылу желілерінің тозуы 23 пайызға азайды. Қазіргі таңда станция жоғары тәуекел аймағынан шығарылып, оны қалпына келтіру жұмыстары Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жалғасуда.

Жүргізілген кешенді жұмыстар мен инфрақұрылымды жаңарту өңірдің энергиямен қамтылу тұрақтылығын арттырып, саланың одан әрі дамуына берік негіз қалады.


Роксана Глыбова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Евгений Щетников


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу