Көше жолдарын жөндеу күндіз-түні тоқтамауы керек - Даниал Ахметов
Өскемендегі көше жолдарын жөндеу күндіз-түні жүргізілуі керек. Облыс əкімі Даниал Ахметов шаһардағы Əуезов, Шəкəрім, Сəтпаев даңғылдарын, сонымен қатар Потанин көшесін кеңейту жұмыстары уақытынан кешіктірілмей аяқталуы керектігін ескертті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бүгін қаланы аралаған аймақ басшысы құрылысшыларға осындай тапсырма берді. Айта кетейік, сəуір айында облыс орталығының ондаған көшесі мен даңғылын жөндеу жəне кеңейту жұмыстары басталған болатын. Жоспар бойынша бұл жұмыстар биылдан қалмай аяқталуы тиіс. Мұны облыс əкімі де атап өтті.
- Жұмысқа қолда бар күштің бəрін жұмылдырыңыздар. Қажет болса, түнде де жұмыс істеңіздер. Жыл соңына дейін жолдар пайдалануға берілуі тиіс, - деген аймақ басшысы мердігерлерге жолдың сапасын ара-кідік өзі де келіп тексеріп тұратынын жеткізді.
Айта кетейік, қаладағы Сəтпаев даңғылын кеңейту жұмыстары биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Соның нəтижесінде қаланың орталығы мен Жібек маталар комбинаты ауданы арасындағы көлік қатынасы анағұрлым жеңілдей түспек. Аймақ басшысының сөзінше, болашақта дəл осы Сəтпаев даңғылы еліміздегі ең ірі даңғылдардың біріне айналады. Мұнда көліктерге арналған сегіз жолақ пайда болады.