KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
495.28 518.41 5.44

Татулықты ту етсек, ұтарымыз көп

көрнекілік сурет: turkystan.kz

4.04.2024, 15:44 238

Бар дүниенің тірегі береке мен бірлікте. Сондықтан бабаларымыз айтпақ ойын «Бірлік түбі – тірлік» деп мақал сөздің мәйегіне өрнектеген. Бүгінгі таңда біздің елімізде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп келеді. Олардың ынтымақта болуы еліміздің баянды болашағы үшін ауадай қажет.

Жалпы ел бірлігі туралы ғасырлар бойы айтылып, халық жадында жатталып келеді. Әлі де айтыла бермек. Өйткені бірлік болса ғана Тәуелсіздік тұғыры берік болмақ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:

«Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!», – деген еді.

Иә, күрес – өмір заңы болса, бірлескен күш-жігер, тонның ішкі бауындай жымдасқан бірлік пен өзара ілтипат, бауырмалдық пен достық сынды киелі ұғымдар ерлікке де, жеңіске де, сән-салтанатқа, арысы мәңгілікке бастайтынына ұлы уақыт куә.

Ішкі бірлігі болмаған талай құдіретті империялар мен мемлекеттер, кейбір мықты деген халықтар мен тайпалардың өзі тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кетті. Біздің қазақ «Ырыс түбі – ынтымақ», «Ауыл болсаң – қауым бол», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп сан түрлі мақал мен мәтелдің түйініне бірлік пен тірліктің қасиетін бекемдеп кеткен. «Отан – отбасынан басталады» демекші, әрбір отбасында уыздай ұйыған бірлік пен тату-тәтті тірлік болса, әр жанұяда елін сүйетін өрелі өрендер желкілдеп өсіп келе жатса, олар ең бірінші кезекте өз қазағының, Қазақстан халқының қамын жесе, ұлы Отанымызға да құт-береке дарып, қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры нығая түспек. Сындарлы сыртқы саясатымызды ұстана отырып, еліміздің ішкі әлемінде де алауыздыққа жол бермеу, ұлтаралық келісім мен діни ымыра, азаматтық келісім, міне, сол арқылы тәуелсіз Қазақ Елінің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсу – ортақ міндетіміз.

Киелі қазақ шаңырағына уық болып қадалған ұлт пен ұлыс өкілдері «Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені» дегенді ұранға айналдырған. Ұлтаралық татулықты нығайтуға Қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың өкілі келешек ұрпағымыз үшін этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, атсалысса болғаны.

Бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осы татулық пен тұрақтылық мәңгі салтанат құрсын десек, бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруіміз керек.

 

З.Раймханова

  Өскемен қаласының мамандандырылған

            тергеу сотының судьясы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу