ШҚО әкіміне Өскемендегі автобус мәселесі жөнінде сұрақ қойылды
ШҚО әкімінің онлайн-есеп беру жиынында Өскемен қаласының тұрғыны қоғамдық көліктерді көп күтіп қана қоймай, олардың тым ескі екенін, жиі сынатынын айтып, шағымданды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Мен жұмысқа бару үшін қоғамдық көлікті көп күтемін. Оның үстіне автобустар өте ескі. Жиі сынып қалады және іші өте суық, - деп шағымын жеткізді қала тұрғыны.
Облыс әкімі автобустарға өзінің де көңілі толмайтынын, қазіргі уақытта автобустарды жаңарту мақсатында жұмыс істеп жатқандарын айтты.
- Бұл сұрақ қала тұрғындарын ғана емес, мені де қатты алаңдатады. Біз қазір Даму банкімен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жобаға кепіл боламыз. Сондай-ақ 100 автобус біздің облысымыздан шығарылады деп үміттенемін, - деді әкім.
Алайда, облыс әкімінің сөзінше бұл мәселені шешу үшін әлі де бірнеше ай уақыт қажет. Алдымен келісімшартқа отыру керек.