Алтай ауданында бір тәулікте екі өрт тұтанды
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында бір тәулікте екі өрт тұтанды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Алтай қаласында Баладәурен тұйық көшесінде жер үй өртеніп, жалын 4 шаршы метр аумақты шарпыған. Үй иелері от жаққан кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Өртті сөндіруге 8 өрт сөндіруші мен 2 техника жұмылдырылды.
Малеевск кентінде де жер үйде өрт тұтанды. Өрт 80 шаршы метр аумаққа жайылып кеткен. Үй иелері электр жабдықтарын орнатқан кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған. Өртті сөндіруге 7 өрт сөндіруші мен 2 техника жұмылдырылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.