Көпқабатты үйдің жетінші қабатында өрт шықты – ШҚО
Фото: gov.kz
13 тамызда Өскемен қаласындағы Славский атындағы жағалау көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің жетінші қабатындағы пәтерде өрт шықты.
Оқиға орнына жеткен ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері 20 адамды баспалдақ арқылы эвакуациялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Эвакуацияланғандардың ішінде 5 бала бар.
Арнайы техника қолданған мамандар 20 шаршы метр аумаққа тараған өртті сөндірді. ШҚО ТЖД дерегі бойынша, өрт тұтанған кезде пәтерде ешкім болмаған. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
ШҚО ТЖД болжамы бойынша, өрт электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаудан, яғни телефонды қуат көзіне қосулы қалдырғандықтан тұтанған.
Өрт сөндіруге жеке құрамның 18 қызметкері мен 6 техника жұмылдырылды.