ШҚО-да заңгердің тегін көмегін қалай алуға болады?
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Заң кеңесшілері палатасының өкілдері кімдерге және қандай құқықтық көмек тегін көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға сәйкес бұл құқыққа ие:
- алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар;
- жыныстық зорлық-зомбылықтың, адам саудасының, терроризм актісінің құрбандары немесе осы жағдайға байланысты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандар;
- асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар;
- жұмысқа байланысты денсаулыққа келтірілген зиянның немесе қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғалар;
ҰОС қатысушылары, жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы қарулы қақтығыс ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер кәсіпкерлік қызметке байланысты емес мәселелер бойынша;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көп балалы отбасылар;
- кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша, бір айдағы жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен аз қамтылған адамдар (отбасылар).
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге ШҚО бойынша заң кеңесшілері палатасының 26 заң консультанты қатысады.
Палата бағдарламаға өткен жылдың мамыр айынан бастап қатысуда. Осы кезеңде мамандар 152 заң кеңесін, сондай-ақ облыс соттарында 6 өкілдік жұмысын өткізді.
ШҚО бойынша заң кеңесшілері палатасының мекенжайы: Өскемен қаласы, Буров көшесі, 8 үй, телефон 8 771 521 21 20.
Айжанат Бақытқызы