Қазақстанда «АруАна» үздік әйелдер жобалары байқауы жарияланды
Фото: gov.kz
Байқауға өтінімдерді қабылдау 5 ақпанда басталды және 2024 жылдың 20 ақпанына дейін жалғасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы өз сайтында қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған үздік әйелдер жобалары байқауының басталғаны туралы хабарландыру жариялады.
Республикалық байқау ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткізіледі және 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған.
«АруАна» республикалық үздік әйелдер жобалары байқауы әлеуметтік бағыттағы үздік идеялар мен жобаларды іске асыратын әйел көшбасшыларды қолдауға және біріктіруге бағытталған»,-делінген конкурс Ережесінде.
Конкурс шарттары бойынша оған Қазақстан аумағында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыратын әйелдер мен әйелдер қоғамдық бірлестіктері қатыса алады. Өз жобаларын республиканың барлық өңірлерінен жібере алады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, байқау әлеуеті жоғары үздік әйелдер жобаларын анықтауға көмектеседі.
Конкурс облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін комиссиямен өңірлік деңгейде бір кезеңде өткізіледі.
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді беру мерзімі - 5-20 ақпан аралығында.
Үздік әйелдер жобалары бірнеше бағыт бойынша анықталады:
- Агробизнес саласындағы үздік жоба.
- Үздік IT жоба.
- Креативті индустрия саласындағы үздік жоба.
- Жаңа медиа саласындағы үздік жоба (БАҚ, әлеуметтік желілер).
- Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы үздік жоба.
- Инклюзивті даму саласындағы үздік жоба.
- Ғылым және инновация саласындағы үздік жоба.
- Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы белсенді құқық қорғаушы.
- Үздік әйел-кәсіпорын басшысы.Әйелдер құқығын қорғау саласындағы үздік ҮЕҰ.
Айжанат Бақытқызы