Күй – көне тарихпен тамырласып, өткен өмір өрнегін үзбей жалғап келе жатқан өрелі өнер. Бұл – бабадан жеткен бағзы өнердің бірі һәм бірегейі. Бүгінгі таңда сан ғасырлық мұрамызды сақтап қалу ғана емес, оны ұрпаққа ұлықтаудың маңызы зор. Себебі қазір орындаушылар көбейгенімен, күйшілер азайған. Күй уақыт өткен сайын толығып, жаңарып, жаңғырып отырмаса, өнер көшінен қалып қоймақ.
Өнер бар, тыңдаушы жоқ
Сан ғасырлық тарихтың тамырын бүлк еткізер сазды әуенді тыңдайтын жандар санаулы болса да бар. Жалпақ жұрт күй күмбірін түсінеді деуден аулақпыз. Ал дәріптелу жағы бір сарынды болса да жүргізіліп келеді. Десе де күй өнерін өз биігіне шығару үшін әлі көп жұмыс атқарылуы керек. Біз бұл тақырыпты күйшілермен бірге отырып талқыға салған едік.
– Күй өнері керексіз болып табан астында қалды деп айтудан аулақпын, десе де «жетім қыздың күйін кешіп жатқаны» жасырын емес. Біз күйді өз деңгейінде дәріптей алмай келеміз. Бәлкім, дәріптеудің жолын таппадық. Қазіргі жаһандық үрдіс алға озған заманда қалай болғанда да ұлттық құндылығымызды сақтап қалуымыз керек ғой. Өйткені күй өнері бір адамның меншігі емес, халықтың бабадан бері сақталып келе жатқан ұлттық құндылығы, мұрасы ғой. Күй тіпті, ең көне музыкалық өнерлердің бірі. Сондықтан да күйді мемлекет те ұлттық құндылық ретінде қарап, дамытуға атсалысуы керек. Пайдалана білсек, күй – үлкен ұлттық идеологияның тетігі. Әсіресе ең көне күйлердің қатарына жататын шығыстың күйлеріне қамқорлық керек. Зерттелмегені қаншама, зерттелгенінің өзін кәдеге жарата алмай келеміз. Бізден басқа өңірлерде күй өнеріне құрмет, қамқорлық бар. Күйдің тыңдаушысы бар. Ал бізде күй бар, тыңдаушы жоқ. Қамқорлық танытар адам аз. Бізден басқа өңірлерде мемлекеттің қолдауымен жылына жоқ дегенде екі рет жоғары деңгейде күй сайысы өтеді. Бұл тұрғыдан күй өнерінің төңірегінде жүрген адамдар да жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Мысалы, жуықта «Байжігіт» оркестрі халыққа жаңашыл бағытта концерт бердік. Біз сол концертте күймен қоса, әртүрлі музыкалық бағытта өнер көрсеттік. Осылай домбыраға, күй өнеріне көрерменді тартуды көздедік. Нәтиже жаман емес, тыңдарман жақсы қабылдады, – дейді «Байжігіт» қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Шалқар Рысханов.
Алтай алқабы – «Ата домбыра» табылған түгел түркінің түп қазығы. Ежелден келе жатқан архаикалық аңыз күйлердің осы аймақта бүінге дейін тартылуы соның бір дәлелі. Сондықтан да болар Шығыс Қазақстан өңірінде көне архаикалық үлгідегі аңыз күйлер мол сақталған. Әсіресе теріс бұрауда тартылатын «Шыңырау», «Аңшының зары», «Самұрықтың зары», «Ақсақ қаз», «Ақсақ марал», тағы басқа күйлер біздің еншіміздегі ұлы рухани мұралар. Осындай ұлттық құндылықтың иесі бола тұра күй өнеріне жеңіл қарау өнерге деген жанашырлықтың аздығын көрсетсе керек-ті.
Төрдегі орнын төмендетіп алмадық па?
Бүгінде күй төрден төменге түскені жасырын емес. Тойда табақ-табақ ет тартыларда ғана күй тыңдасақ, ресми шараларда домбырашыларды кіреберіске жағалай отырғызып, күй тартқызып қою үрдіске айналып келеді. Бұл үрдіс күйдің де, күйшінің де қадірін кетіріп тұр деуге болады. Иә, бұл күй өнерін дәріптеушілер ашынса ашынғандай жағдай, жыл өткен сайын үлкен сахнадан күй тыңдау азайып келеді.
– Мен кейбір әрекеттерімізден күй өнеріне деген құрметсіздік бар ма деп ойлаймын. Мысалы, қай жерде болмасын тойларда ет әкелген кезде күй қосады. Түсінбеймін, соған басқа музыка қоюға болмай ма? Әлде күй шертіліп тұрмаса ет желінбей ме? Мен тамадаларға үнемі айтып жүремін: «күй шерткізсеңдер төрге шығарып шерткізіңдер, босағаға түсірмеңдер», – деп. Содан күй ойнап бер деп қате айтатындар бар. Күйді шертеді немесе тартады. Оны да дұрыс айтпаймыз. Содан қазір іс-шаралар өткенде кіреберіске күй шерткізіп қою үрдісі белең алып келеді. Оны ешкім тыңдап жатқан жоқ. Біреу кіреді, біреу шығады. Домбыра ұстағандарды қаздай тізіп отырғызып қояды. Мен осыған да қарсымын. Айтатын жерінде ескертіп айтып та жүрмін. Осыдан кейін қалай күй өнерінің жас ұрпақтың алдында қадірі болсын. Осыдан кейін Домбыра күнін тойлағанымыздың не қадірі бар?! Осындай-осындай дүниелерге сақ қарап, ұлттық құндылығымыздың қадірін арттыруымыз керек, – дейді Шалқар Рысханов.
Бұрынғы заманда тыңдарман қауым күйде айтылған оқиғаны баяндамай-ақ түсінетін болған деседі. Ал бүгінгі таңда күйдің аңызы мен шығу тарихын баяндап берсе де түсіне алуымыз екіталай болып отыр. Жас күйші Ерназ Дүтихан болса, күйді төрге оздыру үшін бірінші тыңдарманның рухани деңгейін көтеріп, күй өнерін ақсүйектік деңгейде дамыту керек екенін алға тартады.
– Біз күйді қазіргі эстрадамен бәсекелесе алуы үшін ақсүйектік өнер деңгейіне көтеруіміз керек. Біздің тыңдарманның да философиясы, рухани деңгейі жоғары болуы керек. Қазір аспаптар дамыды, дыбыстар түрленді. Алайда домбыра кез келген дыбысты бере алатын аспап ғой, біз оның мүмкіндігін пайдалана білсек, биікті бағындыруға болады. Бұрынғы заманда күйдегі оқиғаны айтпай түсінген тыңдарман болса, ол бүгін де болуы керек. Біз тек сол бағытта жұмыс істей алмай отырған шығармыз деп ойлаймын. Содан кейін қазіргі күйшілердің күйі сәтсіз шығып жатады. Өйткені олардың көбі ауыл көрмеген. Ауылға барып табиғатпен тілдеспеген күйші жан тебірентер күй шығара алмайды. Бұрынғы күйшілер ауыл-ауылды аралап күй шертеді екен. Осылай олар тыңдарманын да, өздерін де дамытып отырған. Тіпті, ауылдағы күйшілер консерватория бітіріп келгендердің қатесін жөндеп жіберетіндей білікті болған. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да жалғасын тапса деп армандаймын. Елге есімі таныс Секен Тұрысбек, Жанғали Жүзбай сияқты ағаларымыз ел аралап күй шертсе, жұрт тыңдайтын шығар, қолдайтын шығар деп ойлаймын. Ендігі кезекте күйшілер қауымы осы бағытта жұмыс істесе нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді жас күйші Ерназ Дүтихан.
Өлімнің өзін домбыраның үнімен жеткізер Кетбұғалардың заманы қайта орала қоймас. Десе де тартылған күйге құлақ түрер тыңдарман тәрбиелеп алуға болар.
Күйдің насихатын балабақшадан бастасақ
Кез келген өнерді дәріптеудің таба білсе жолы бар. Осыдан 21 жыл бұрын елімізде «Мұрагер» бағдарламасы қолға алынған болатын. Нақтырақ айтқанда, 2003 жылы жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің 1-7 сыныптарына арналған бағдарлама жобасы жүзеге асқан еді. Бұл бағдарлама әр өңірде өз деңгейінде дәріптеліп, күйші шықпаса да көптеген күй орындаушылар шықты. Күй өнерінің жанашырлары ендігі кезекте домбыра үйретуді балабақшадан бастасақ дегенді алға тартуда.
– Ұлттық өнерді дәріптеуде әркім әртүрлі әдістеме қолданып келеді. Мен шәкірттеріме күй шертпес бұрын күйдің тарихын баяндатамын. Содан кейін барып күй шерту керектігін үйретіп келемін. Осылай бірнеше рет концерт қойып көрдік, тыңдарман қауым жақсы қабылдады. Бұл енді бұрынғы заманда да бар үрдіс еді, енді қайта жаңғырта түссек артық болмас деп ойлаймын. Ендігі кезекте күй өнерінің мәртебесін биіктету үшін жұмысты балабақшадан бастасақ. Балабақшада домбыра үйретпесек те күй тыңдатып, домбыраның құрылымын көрсетіп, үйрету қажет. Ол баланың санасына сіңе береді. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілмей ме?! Жалпы осындай жүйелі жұмыс істесек, күй өнерінің күйі кетпес еді, – дейді «Байжігіт» қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Шалқар Рысханов.
Иә, жалпы қандай тәрбие болмасын балабақшадан басталғаны жөн-ақ. Ұсыныс қолдау тапса, ұлттық өнердің ұпайы түгенделіп, күй үніне құлақ түрер ұрпақтың қатары көбейер еді. Сонда қазақ күйінің қазандығын сазды әуенмен толтырмасақ та, шығыстың шыңырау күйлерін сақтап қалуға үлес қосар едік.
– Қазір «Домбыра Party» деп әр жерде күй шертетіндер шықты. Мейлі, шерте берсін, егер біреу тыңдап жатса соны. Біз күйді көше өнеріне айналдырудан не ұтамыз дегенді де ойлану керек шығар. Арбат немесе амфитеатр сияқты жерлерде күй тартып жатса оның жөні бөлек. Күйді дәріптейміз деп күйін кетіріп алмауымыз керек. Ең дұрысы, арнайы бағдарлама негізінде балабақшадан бастап домбыраны, күйді дәріптей бастау керек. Ары қарай мектепте оқытылса, жоғарыда айтқанымыздай күйдің тілін айтпай-ақ түсінетін ұлтқа айналмақпыз, – дейді күйші Ерназ Дүтихан.
Сазды әуені жаныңды емдейтін күй өнері өзгемен салыстыруға болмаймтын бөгенайы бөлек ұлттық мұрамыз. Күй күмбірінің астарында елдің тарихы мен ұлттың тағдыры бар екенін де ұмытпауымыз керек.