Кәлек қария «Халық күйшісі» атанды
Ұлттың рухани қазынасын, бай музыкалық мұрасын ұмыт қалдырмай ұрпаққа аманаттаған абыз күйшілердің бірі – Кәлек Құмақайұлы. Кеудесі аңызға толы Кәлек қария – күй өнерінің абызы, сырға толы сызбызға күйлерінің сардары. Қазыналы қартқа тыңдарман қауым әлдеқашан «халық күйшісі» атағын беріп қойса да, ресми төсбелгісі бүгін табысталды.
Тоқсанның төріндегі қарт күйшіге төсбелгі табыстау рәсімі Пушкин атындағы облыстық кітапхана шаңырағында өтті. Сыбызғының сазын тыңдауға келген жұрт карантин талаптарына сай санаулы ғана болды. Алайда күйші қарт өлмес мұраны өзінің шәкірттеріне табыстап, сыбызғы тартуды тоқтатқалы да біраз болыпты. Сондықтан Алматыдан арнайы келген шәкірті, өнертанушы Талғат Мұқышев қарияның күйін көпшілік алдында тартып берді. Бір күйге айызы қанбаған жұрт «жұп болсын» деп тағы бір күй тартқызды.
– Ұстазымыздың ұлт руханиятына қосқан еңбегі орасан зор. Соған орай еңбегін ел бағалап, ұрпақ кәдеге жаратып келеді. Қазақ даласындағы сыбызғы күйдің атасы ретінде оқу орындарында оқытылып жатыр. Көптеген кітаптарға күйшінің ғұмырнамасы мен күйлері арқау болды. Осыған дейін жарық көрген «Қазақтың 1000 күйі» кітабына еңбектері енсе, соның жалғасы ретінде жуықта ғана жарық көрген «Қазақтың 500 күйі» деген кітапқа да күйлері мен шығармашылық өмірі қатталды. Жаңа антологияны ақсақалға бүгін ала келіп, табыстауды жөн көрдім , – деді Кәлек күйшінің шәкірті Талғат Мұқышев.
Игілікт іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Шалқар Рысханов бастаған сыбызғышы қарттың шәкірттері күйшінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
– Кәлек ақсақалды күй тыңдайтын қазақтың бәрі таниды десек артық болмас. Бүгінгі ұрпаққа қаншама күйді жеткізіп, қаншама шәкірт тәрбиеледі. «Ұстаз ұстаз емес шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес өз ұстазын сүймесе» деген. Бүгінгі шара соның дәлелі деуге болады. Өткен жылы Күйшілер Одағы жиын өткізіп бірауыздан Кәлек ақсақалға «Халық күйшісі» төсбелгісін табыстауды бірауызда ұйғарған болатын. Қазақтың күй өнеріне Кәлек Құмақайұлының қосқан үлесі зор екенін ел біледі. Бүгін сол бағалы еңбектің бағасын берудің сәті түсті, – деп ШҚО Күйшілер Одағы филлиалының директоры Ернат Еркінұлы төсбелгіні күйші қарттың кеудесіне тақты.
Кездесу соңында қуанышты шараға жиналған жұртқа қария батасын беріп, алғысын айтты. Ал туысқандары күйшінің шәкірттерінің иықтарына шапан жауып, бастарына тақия кигізді. Сыбзғының сазын сағынып келген жұрт сірге жияр ішіп қайтқандай тамсанып қайтты.