KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 3 м/с, В
441.44 473.09 4.75

ХҚКО-ларға жүргізілген тексеріс нәтижесінде бюджетке 80 млрд теңгеден астам қаражат түсті

17.04.2024, 17:10 55 Айжанат Бақытқызы

Арнайы ХҚКО-ларға жүргізілген жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде бюджетке түсетін түсімдер 10,6 млрд теңгеден 91,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше,

мониторинг нәтижесінде автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдері анықталған.

 

2011 жылдан бері қолданылып келе жатқан автокөлікті тіркеу жүйесі әділетсіз қызметкерлердің жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар беруге жағдай туғызып, жемқорлыққа жол берген.

 

Агенттік 3 жыл ішінде 23 қылмыстық істі тергеді. 3 мыңнан астам заңсыз көлік есепке қойылып, 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілді.

 

Уәкілетті органдарға тиісті ұсынымдар енгізіліп, олардың бір бөлігі іске асырылды.

 

«Арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезінде деректерді түзету үшін мүмкіндіктер алынып тасталды. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгерістер енгізе алады»,-деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

 

Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдарын төлеуді тексереді.

 

«2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 млрд теңге жиналды, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 млрд теңге түсті. Аталған тәуекелдерді жою нәтижесінде өткен жылы бюджетке түскен түсім 9 есеге ұлғайды»,-деп толықтырды агенттік.

 

Компьютерлерге қашықтан қол жеткізу арқылы тұлғаларды ауыстыру және емтихан нәтижелері арқылы жүргізуші куәліктерін беру процесінде елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталды.

 

Агенттіктің ұсынымдары бойынша міндетті биометрия және қоғамдық бақылау үшін тікелей эфирде бейнетіркеу сынды бақылау шаралары енгізілді.

 

Емтихандарды қайта тапсыру рәсімдері реттелді. Қайта тапсыру саны екі ретке шектеліп, ал өте алмаған жағдайда 3 айдан кейін немесе тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айдан кейін тапсырады.

 

Жаңа ақпараттық жүйелерді енгізудің арқасында емтихандарды тапсырған сыңай таныту тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік туды.

 

Бүгінгі таңда Агенттік жүргізуші куәліктерін алу және көлікті тіркеу рәсімдеріне қоғамдық мониторинг жүргізуді ұйымдастыруда. Бұл жұмысқа жемқорлыққа қарсы еріктілер тартылды.

 

Сондай-ақ, 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілгенін еске саламыз. Бұл өзгерістер 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді.

 

Түзетулер қызметкерлер тарапынан теріс қылықтар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

 

«Егер сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, @antikorkz_bot Telegram-боты немесе 1424 нөмірі арқылы шұғыл хабарлаңыз»,-делінген агенттік хабарламасында.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив