6 мамырда негізгі ҰБТ-ға тіркелу басталады
Фото: МНВО РК
Негізгі ҰБТ-ға тіркелу 6-14 мамыр аралығында www.app.testcenter.kz сайты және UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ұлттық тестілеу орталығының ақпараты бойынша, ҰБТ өткізу мерзімі 16 мамыр – 5 шілде аралығында.
Биылғы түлектер үшін негізгі ҰБТ-ға тіркелу тегін. Сондай-ақ, Қазақстанда 2024 жылы мектеп бітіруші қандастарға да тегін. Ал басқа санаттағы тест тапсырушылар үшін (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары) ҰБТ-ға қатысу құны – 5 640 тг. Екі рет тіркелсеңіз, екі рет төлем жасайсыз.
Тестілеу күнін үміткер өзі таңдайды. Сізге қолжетімді күндердің ішінен (колледж түлектері, өткен жылғы түлектер, шетелде бітіруші қандастар, шетелде білім алған ҚР азаматтары үшін 6 дата қолжетімді) кез-келген екі датаны таңдай аласыз.
Тестілеу күніне 2 лекте, сағ. 09.00 және 14.30-да өтеді.
Үміткерлер өзіне ыңғайлы тестілеу пунктін таңдай алады.
Негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыруға болады. 16 мамыр-5 шілде аралығында (төтенше жағдай режимі жарияланған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 25 мамыр-12 шілде аралығында) негізгі ҰБТ-ны 2 рет тапсыра аласыз.
6-10 мамыр аралығында негізгі ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 11-14 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне тіркелесіз.
Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 6-13 мамыр аралығында ҰБТ-ның 1-ші мүмкіндігіне, 14-20 мамыр аралығында 2-ші мүмкіндігіне өтініш беру қолжетімді болады.
Негізгі ҰБТ-да екі мүмкіндікте де бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдайды.