ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің шешімі бойынша 2024 жылы барлық талапкерлерге негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға және үздік нәтиже сертификатымен грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
«2024 жылғы үміткерлер ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады. Олардың үшеуі, яғни қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ ақылы негізге түсуге арналған. Ал екі рет тапсыруға болатын негізгі ҰБТ сертификаттарының бірі гранттық конкурсқа қатысу үшін пайдаланылады», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Үміткерлер ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдай алады.
«ҰБТ қатысушыларының санаттарына тоқталсақ, биылғы мектеп түлектері мен жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер ҰБТ-ның барлық бес кезеңіне қатысуға құқылы. Алдыңғы жылдардың түлектері, колледж түлектері және қандастар екі негізгі және наурыз, тамыз айларындағы төрт тестілеуге қатыса алады», – деп нақтылады Министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға немесе басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер де бар.
«Мұндай студенттер ҰБТ-ны екі рет тапсырады: қаңтар және тамыз айларында»,-деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Айжанат Бақытқызы