KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Келер жылы тұрғындардың ауызсумен қамтылуы 100%-ға жетеді – ШҚО

фото: depositphotos.com

13.05.2024, 16:45 376 Ержан Әбіш

Жыл соңына дейін ШҚО-ның 6 ауылы таза сумен қамтылады. Атап айтсақ, Риддерге қарасты Бутаково, Алтай ауданындағы Путинцево, Малеевка, Глубокое ауданындағы Малоубинка, Күршім ауданындағы Барақ батыр, Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылдарының тұрғындары ауызсуға қол жеткізбек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы талқыланды.

Өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша облыстағы 727,1 мың тұрғынның 719,6 мыңы немесе 99%-ы ауызсуға қол жеткізіп отыр. Атап айтсақ, қалалардағы 483,9 мың адамның 483,4 мыңы (99,9%), ауылдардағы 243,1 мың адамның 236,2 мыңы (97,2%) таза сумен қамтылған.

Бүгінгі таңда облыстағы 19 елдімекенде 7500 адам ауызсусыз отыр. Өскеменде 550 адам, Шемонаиха қаласында 37 адам сумен қамтылмаған. Сумен қамтылмаған 17 ауылда 6913 адам тұрады.

Атап айтар болсақ, Риддерге қарасты Бутаково ауылында 122 адам, Алтай ауданының Путинцево ауылында 402 адам, Малеевка ауылында 901 адам, Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылында 741 адам, Күршім ауданындағы Барақ батыр ауылында 555 адам, Катонқарағай ауылында 105 адам, Ұлан ауданының Отрадное ауылында 308 адам, Асубұлақ кентінде 1633 адам, Бозанбай ауылында 613 адам, Үлкен Нарын ауылында 270 адам, Шемонаиха ауданындағы Березовка ауылында 282 адам, Большая Речка ауылында 381 адам, Убинка ауылында 580 адам ауызсумен қамтылмаған.

Ал 20 адам тұратын 4 ауыл оңтайландырылатын болады. Оның ішінде Катонқарағай ауданындағы Шұбарағаш ауылы және Тарбағатай ауданындағы үш ауыл бар.

– Алдағы екі жылда облыс халқын ауызсумен толық қамту үшін жалпы сомасы 17 468,9 млн теңгенің 16 жобасын іске асыру жоспарлануда. Биыл 4649,4 млн теңгенің 8 жобасы аяқталып, 3440 адам ауызсумен қамтылады. Оның ішінде 139 адамды қамтитын 2 жаңарту жобасы бар, ол жұмыстар Өскемендегі Халықтар достығы көшесінде және Шемонаиха қаласындағы Теміржолшы шағын ауданында жүргізіледі. Жалпы саны 3301 адам тұратын 6 ауылда құрылыс жобалары аяқталады. Атап айтсақ, Риддерге қарасты Бутаково, Алтай ауданындағы Путинцево, Малеевка, Глубокое ауданындағы Малоубинка, Күршім ауданындағы Барақ батыр, Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылдарында, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Осылайша, жыл соңында облыс халқының сумен жабдықталу көрсеткіші 99,4%-ға жетеді. Қалаларда – 99,9%, ауылдарда – 98,5%.

Жыл соңына дейін тек 4060 адам сумен қамтамасыз етілмейді, оның 3612-сі – ауылдықтар.

Келер 2025 жылы 12 819,5 млн теңгеге 8 жоба аяқталады. Осылайша қалған 4060 адам таза сумен қамтылады.

Өскемен қаласында, Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарында 3 жоба іске асып жатыр. Ұлан ауданының Отрадное, Шемонаиха ауданының Березовка, Большая Речка ауылдары бойынша өтінімдер өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жіберілді. Ұлан ауданындағы Асубұлақ, Бозанбай ауылдары бойынша сметалық құжаттар әзірленуде. Олар алдағы маусым айында аяқталып, республикалық бюджетке өтінім жіберілетін болады.

Осылайша, 2025 жылдың соңында ауызсуға қол жеткізу облыста 100%-ға жетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу