ШҚО-да республикалық бокс турнирі өтіп жатыр (видео)
Ұлан ауданының орталығында Қасым Қайсеновты еске алуға арналған республикалық бокс турнирі өтіп жатыр.
Төрт күнге созылатын бәсекеге 2009-2010 жылғы жасөспірімдер қатысуда. Өңірлерден 150-ге жуық жас спортшы жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Бұл турнир осымен 10-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Биыл 13 команда сайысқа түседі. Жарыс деңгейі де жыл санап жоғарылап келеді. Қатысушылардың арасында болашағынан зор үміт күттіретін жас дарындар бар, – дейді турнирдің бас төрешісі Болатбек Астамбаев.
Турнирде Шығыс өңірінен бөлек Ұлытау, Алматы, Жетісу және Абай облысының жас спортшылары күш сынасады.
– Бокспен алтыншы сыныптан бастап шұғылданамын. Жетістіктерім де жоқ емес. Бұл жарысқа мығым дайындықпен келдім. Біршама уақыт тер төктім. Бапкерлерімнің үмітін ақтауға барымды саламын, – дейді жетісулық спортшы Ерсұлтан Бисенбай.
Айта кетейік, дәстүрлі дода топ жарғандар спорт шеберіне үміткер атағына ие болады.
Оқи отырыңыз