KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 2 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

Онлайн дүкеннен алған тауарды қалай қайтаруға болады?

Фото: i.playground.ru

15.05.2024, 14:40 188

Қазір көп адам тауарды интернеттен сатып алады. Бұл өте ыңғайлы және уақыт үнемдейді. Алайда онлайн сауданың артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар.

Жуықта облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір тұрғыны сатып алған тауарын қайтара алмай қойғанын айтып жүгінді. Оның айтуынша, тұтынушы 239 191 теңгеге «Sony Play Station 5» ойын приставкасын «Halyk Market» электронды сауда алаңы арқылы бөліп төлеу шартымен сатып алған. Бірақ тұтынушы Қазақстан «PS Store» ойын сатып алу сервисінде жеке өңір ретінде ұсынылмағандықтан тауарды қайтаруға шешім қабылдаған. Ал «PS Store» дүкенінің ресейлік нұсқасы арқылы ойын сатып алу мүмкіндігі жоқ. Тұтынушы мұны тауардың үлкен кемшілігі деп есептейді. Бір назар аударатын жәйт, сатушы клиентке тауарды сатып алғанын растайтын құжат бермеген. Дүкенге барған кезде менеджер тұтынушыға алған затты қайтару үшін телефонмен хабарласатынын айтқан, бірақ  байланысқа шықпаған. Содан соң тұтынушы сатушыға сотқа дейінгі шағыммен жүгінеді. Бұған сатушы: «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабы, 1-тармағына сәйкес, сатушы тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауарды, егер ол пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі сақталса, тұтыну қасиеті, пломбасы, жапсырмасы, сондай-ақ сатып алғанын растайтын құжаты болса күнтізбелік 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға міндетті» деп жауап берген.

Өтінішті қарау барысында департамент мамандары сатушыдан түсініктеме алды. Түсініктемеде сатушы орамның пломбасы бұзылғанын, тауарлық түрі сақталмағанын, сондай-ақ сатып алушының тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаты жоқ екенін хабарлады. Бұл жерде «орам пломбасы» деп сатушы қораптағы тасымалдау жапсырмасын түсінген.

Ұсынылған құжаттарды қарау барысында Заңның 42-7-бабы, 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес департамент сатушыға қатысты тұтынушының бұзылған құқықтарын жою туралы нұсқама шығарды. Сатушы нұсқаманы орындап, 259 990 теңге ақшаны тұтынушыға қайтарып берді.

Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқығын қорғау мәселелері бойынша облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Департаменттің мекен жайы: Өскемен қаласы, Крылов көшесі, 114. Телефон нөмірі: 8-7232-267-207.

 

А.Троеглазов,

Облыстық сауда және тұтынушылардың

құқықтарын қорғау департаменті 

басшысының орынбасары

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу