Тұтынушы құқығы: Сапасыз тауардың ақшасын қалай қайтарып алуға болады?
Кей жағдайда қандай да бір тауардың сапасы біз күткендей болмай шығады. Көптен бері сатып алғың келген затқа қол жеткіздім-ау дегенде кемшіліктерін көріп, көңілің су сепкендей басылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар күрделі электрондық техника, оның ішінде бүгінде адамзат өмірінің бір бөлшегіне айналған ұялы телефон сатып алғанда да туындап жатады.
Осындай жағдайда салғырттық танытып, өз құқығыңды қорғауға тырыспау тым болмағанда шығындалған қаржыны қайтарып алуға ұмтылмау қателік. Мамандардың айтуынша, отандастарымыздың 60%-ға жуығы сапасыз тауар сатып алу және қызмет көрсету жағдайында өзінің тұтынушылық құқықтарын қорғауға тырыспайды. Мәселелерін сотқа дейін шешкендер небары 14%-ды құраса, 4%-ы ғана сотқа жүгінген, 24%-ы түрлі мемлекеттік құрылымдардан көмек сұраған.
Әуелі неге назар аудару керек?
Ал «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының белгілі бір қағидалары мен нормаларын білу мұндай мәселелерді жылдам әрі нәтижелі шешуге көмектеседі. Ең алдымен, сатушының үстінен шағым айтпас бұрын, қолыңызда қандай айғақтарыңыздың барына назар аудару керек? Мәселен, тұрмыстық техника сатып алған кезде мүмкіндігінше тауардың жарамдылығын тексеру, төлем жасалғандығын растайтын чек, сатып алынған заттың паспорты мен кепілдік талонының болуына назар аудару қажет.
Заңның 29 бабының 2 тармақшасына сәйкес сол және өзге бұйымды сатып алу кезінде сатушы, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болса, тауардың қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға тауар сапасы туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге міндетті. Сол жерде аспаптың жиынтықтары тексеріледі. Сондай-ақ клиенттің талабы бойынша оған тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар ұсынылады.
Тұтынушы тауардың ақауы туралы алдын ала хабардар болып, ол жеңілдікпен сатылған жағдайда мәселе басқаша. Сатып алушы тауарды қолдану ережесін өзі бұзған жағдайда кепілді жөндеу немесе сатып алынған затты айырбастау мүмкін емес.
Сараптама құнын кім төлейді?
Заңның 30 бабы 2 тармағына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы немесе дайындаушы оны дереу ауыстыруға міндетті. Ал тауардың сапасына сараптама жасауды талап ететін қосымша тексеру қажет болған кезде, оны бір мезгілде істеу мүмкін емес. Мұндай әрекеттерге тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн беріледі. Егер бұйым бастапқыда-ақ сапасыз болғандығы анықталса, ол қолданыста болмаған осыған ұқсас жаңа тауарға айырбастауға тиіс.
Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру талап қойылған күннен бастап он күн ішінде жүргізілуге тиіс. Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді.
Тұтынушы тауардың сапасын тексеру мен сараптама жүргізуге өзі немесе өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ өз қаражаты есебінен өткізуге де құқылы. Туарады (жинақтаушы бұйымды) ауыстырған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі қайта есептелетінін ескеру қажет.
Мәтінде не көрсетілуі тиіс?
Тұтынушы шағымы Заңның 22-бабына сәйкес ұсынылады. Мәтінде не көрсетілуі тиіс? Тауардың меншік иесінің нақты атауы, себебі сатушы тауарды қожайынның атынан сататын жалдамалы жұмысшы болуы мүмкін. (Бұл деректерді тұтынушы төлем құжатынан біле алады). Сауда орнының дұрыс мекенжайын көрсету қажет. «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының тиісті нормаларына сілтеме де болуы тиіс.
Егер тауардың жарамсыздығы тұтынушының кінәсінен болмағаны дәлелденсе, дүкен клиенттің талаптарын орындап, дереу ақшасын қайтаруға міндетті. Егер дүкен талапты орындауда Заңда белгіленген мерзімнен асырса, әрбір мерзімін өткізіп алған күн үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады.
Осылайша, ниет болса, тұтынушы өз құқықтарын қорғай алады!