Жол мамандарын дайындауға мыңға жуық гранты бөлінеді
Фото: depositphotos.com
Көлік министрлігі, Ғылым және жоғары білім Министрлігі және «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстанда «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша бакалавриаттың жеке бағдарламасы қайта жанданды. Білікті жол мамандарын даярлау бағытына биыл 1000-ға жуық мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігінің ақпараты бойынша, «ҚазжолҒЗИ» АҚ маман тапшылығы проблемасын шешу мақсатында жол саласы мамандарының цифрлық банкі құрылды.
Jolshy жолшылар базасында жол саласының барлық мамандары - ЖОО түлектерінен бастап жол құрылысында, автожолдарды жобалауда және пайдалануда жұмыс істейтін ардагерлерге дейін, мамандардың біліктілігі, олардың жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификаттары жайлы ақпарат болады.
Қазіргі уақытта базаны толтыру және басқа мемлекеттік жүйелермен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
База жақын арада іске қосылмақ.