KZ
Өскемен
-7°
снег жел 2 м/с, В
519.28 540.05 5.31

А гепатиті тазалықтан қорқады

Фото: iheart.com

16.05.2024, 15:51 184 Айна Ескенқызы

Дәрігерлер А вирустық гепатитін лас қолдың ауруы  деп бекер атамайды. Шынында да, вирустық инфекцияны жұқтырмау үшін қарапайым гигиена ережелерін сақтау жеткілікті. Тамақтанар алдында қолды жуып, тұратын және жұмыс істейтін бөлмені таза ұстау керек. Ашық су қоймаларынан суды тек қайнатылған күйде қолданған дұрыс.  Дегенмен, дәрігерлердің айтуынша, әлі күнге дейін А гепатитінен  толық құтылу мүмкін емес. Мәселен, 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысында  осы инфекцияны жұқтырудың 45 жағдайы тіркелді.

А гепатиті ауруына шалдыққандар көбейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазина, ағымдағы жылы ересектер мен жасөспірімдер арасында А гепатиті ауруының жиілегенін айтты.

Мәселен, аурушаңдықтың 78%-ы облыстың ересек тұрғындарының үлесіне тиеді. Тағы сегіз жағдай 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тіркеліп отыр.

– Мектеп жасына дейінгі балалар мен мектептегі төменгі сынып оқушылары А гепатитімен халықтың басқа топтарына қарағанда әлдеқайда аз ауырады. Бүгінгі таңда осы жас санатында аурудың он жағдайы ғана тіркелген. Бұл 2000 жылдан бастап Қазақстанда екпелердің ұлттық күнтізбесіне екі жастағы балаларды А вирустық гепатитіне қарсы вакцинациялау енгізілгендігінің нәтижесі. Осы жылдар ішінде балалар мен өскелең ұрпақта гепатитке қарсы жеке және ұжымдық иммунитет қалыптасты, – деп атап өтті Сәуле Слямгазина.

Оның айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап Шығыс Қазақстан облысында А гепатитімен сырқаттанушылық  2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеті жағдайға өскені байқалады. Сондай-ақ А гепатитімен сырқаттанушылықтың өсуі 14 жасқа дейінгі балалар (2023 жылмен салыстырғанда төрт жағдайға көп) мен жасөспірімдер (бес жағдайға көп) арасында да тіркелген. Бүгінгі таңда балалар арасында сырқаттанушылықтың ең жоғары көрсеткіші  – Ұлан ауданында, яғни 14,14 (100 мың тұрғынға шаққанда).  Өскеменде – 11,8 (100 мың тұрғынға шаққанда). Облыстағы орташа деңгей – 7,3 десек, бұл көрсеткіштер тиісінше 1,9 және 1,1 есе жоғары.

  • А гепатиті 15 оқушыда, екі балабақша тәрбиеленушісінде және Глубокое ауданында тұратын Өскемен қаласындағы университеттердің бірінің студентінде тіркелген, – деді Сәуле Слямгазина.

  Осы жылдың үш айында Өскеменде А гепатитімен сырқаттанушылықтың 32 жағдайы, Ұлан ауданында бес жағдай, Глубокое ауданында үш жағдай, Зайсан ауданында екі жағдай, сондай-ақ Шемонаиха, Тарбағатай және Күршім аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді.

Байланыста болғандар анықталды

Денсаулық сақтау басқармасы үйде де, науқастың оқу немесе жұмыс орны бойынша да анықталған, науқастармен  байланыста болған адамдармен жұмыс жүргізіп келеді. 2024 жылы байланыста болған 5 143 адам  анықталды, оның төрт мыңнан астамы – балалар.

А гепатитімен ауыратын адаммен байланыста болған 14 жасқа дейінгі 2300-ге жуық бала медициналық көрсеткіштер бойынша алғашқы екі аптада қосымша вакцина алуға тиіс еді. Алайда вакцина тек 1 347 адамға немесе 59% -на егілді. Оның себептеріне келсек, 832 бала вакцинадан бас тартқан және 122 балада уақытша вакцинаға қарсы медициналық көрсетілім бар.

Инфекция несімен қауіпті?

А гепатиті дегеніміз не және ол несімен  қауіпті?  Бұл ауруды қандай жағдайларда жұқтыруға болады?

– Инфекцияның жалғыз көзі – адам. Бұл жерде жұқпалы аурудың таралуының екі жолы бар – алиментарлы және тұрмыстық.  Яғни А гепатитін ластанған тамақ, су және жуылмаған кір  қол арқылы жұқтырып алуға болады. Вирус қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталатынын және тамақ өнімдерін өңдегеннен кейін де өміршең болып қала беретінін есте ұстаған жөн, – деп ескертті облыстың бас педиатры Гүл Құсайынова.

Басқаша айтқанда, А гепатитін жұқтыру өте оңай, бірақ жазылу үшін көп уақыт қажет – үш айдан алты айға дейін. Сонымен қатар егер сырқат өте ауыр болса, бауырдың зақымдануына, бауыр жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін, тіпті өлім қаупі де бар екен.

Мамандардың пікірінше, А вирустық гепатитін диагностикалық зерттеусіз анықтау өте қиын: А гепатитімен ауырған кезде инфекцияның өршіп келе жатқан, бірақ оның айқын белгілері әлі көрінбеген инкубациялық кезең жеті күннен 45 күнге дейін созылады. Мысалы, инфекция жұқтырғаннан кейінгі алғашқы үш-бес күнде науқас тұмауға ұқсас белгілерді сезінуі мүмкін.

– Ауру жедел басталып, дене температурасы 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу сияқты белгілер пайда болады. Бұған қоса, оң жақ қабырғаның асты ауыруы мүмкін. Науқас үшінші-бесінші күні сарғаяды және ол жеті-он күнге дейін созылады. Осыдан кейін науқастың жағдайы айтарлықтай жақсарады, көптеген науқастарда жүрек айну, құсу сарғаю шыңына жеткенде жоғалады, бауыр мөлшері максималды деңгейге дейін ұлғаяды, зәрдің түсі күңгірттенеді  және нәжіс түсі өзгереді. Одан кейін зақымданған бауыр тек екі-үш айдың ішінде баяу қалпына келеді, – деп сипаттады А гепатитінің негізгі белгілерін Гүл Құсайынова.

Спикер сондай-ақ  аурудың ауыр түрі науқастардың бір пайызында ғана болатынын атап өтті. Бұл  көбінесе В немесе С гепатитінің созылмалы түрімен ауыратын қырық жастан асқан ересектерде кездеседі.

– А гепатитімен емдеудің ерекше әдісі жоқ екенін ескерген жөн. Мұнда басты факторлар – режимді сақтау және қатаң диета. Қажет болған жағдайда детоксикация терапиясы жүргізіледі. А гепатиті әртүрлі болуы мүмкін: белгілері білінбей өтетін  түрінен бастап  бірнеше айға созылып, ауыр мүгедектікке әкелетін түріне дейін бар, – деп ескертті Гүл Құсайынова.

Алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация

– А вирустық гепатитінің алдын алудың ең тиімді, қолжетімді және қарапайым әдісі – вакцинация. Вакцина екі жастағы бүлдіршіндерге алты ай аралықпен екі кезеңде егіледі. Вакцинация А вирустық гепатитінің ошақтарында науқаспен  байланыста болған 14 жасқа дейінгі балалар арасында,  сондай-ақ  В және С вирустық гепатиттерінің  созылмалы түрімен ауыратын науқастарға ремиссия кезеңінде жүргізіледі, – деп атап өтті спикер.

2024 жылдың үш айында Шығыс Қазақстан облысында А вирустық гепатитіне қарсы алғашқы егу екі жастағы бүлдіршіндердің жалпы санының 34,8%-ына жүргізілді. Екінші егу – 19,6%.

Мамандар соңғы 20 жылда халықтың әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларының жақсаруы және А вирустық гепатитіне қарсы вакцинация жүргізу нәтижесінде сырқаттанушылық айтарлықтай төмендеп, соңғы жылдары 100 мың тұрғынға шаққанда 2,5-10 көрсеткішке жеткенін атап өтті.

  • А вирустық гепатитіне қарсы вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне 2000 жылдан бастап енгізілді. 2002-2004 жылдар аралығында Мичиган университетімен және Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарымен (СDС) бірлесіп А вирустық гепатитіне қарсы вакцинацияның тиімділігіне ғылыми-практикалық зерттеулер жүргізіліп, қорытындысына баға берілді. Зерттеу нәтижелері иммундалған адамдардың көпшілігінде вакцинациядан кейін 12-13 күн ішінде қорғайтын антиденелер пайда болғанын көрсетті. Бұл вакцинаның тиімділігі өте жоғары екенін дәлелдейді, – деп атап өтті Сәуле Слямгазина.

Облыстың бас педиатры  А гепатитімен  күресу үшін  төмендегідей қарапайым гигиена ережелерін қатаң сақтау керек екенін еске салды:

  • тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін және жұмыстан немесе серуеннен оралғанда қолыңызды жуыңыз;
  • ашық су қоймаларынан суды қайнатпай ішпеңіз және онымен жемістер мен көкөністерді жууға болмайды;
  • сарқынды сулар құйылуы мүмкін су айдындарында шомылуға болмайды;
  • тұрып жатқан үй-жайларды таза ұстау керек;
  • экзотикалық тағамдарды, әсіресе шикі устрицаларды, мидияларды, моллюсктерді тұтынудан аулақ болыңыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу