Қазақстанда сары ауруға шалдыққандар көбейді
Фото: zarinray.ru
2024 жылдың басынан бері елде жіті А вирустық гепатитінің 850 жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе жоғары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Соған орай, Министрлік бұл сырқаттан сақтану жолдарын еске салды.
А вирустық гепатитінің берілу жолдары
А вирустық гепатиті лас сумен, ластанған тағаммен және науқаспен байланыста болғаннан кейін кір қолдар арқылы беріледі.
А вирустық гепатиті ауруының белгілері
Аурудың белгілері – дене температурасының жоғарылауы, бастың ауруы, тәбеттің төмендеуі, енжарлық, жүректің айнуы, құсу.
Инкубациялық кезең – 14-тен 35 күнге дейін.
А гепатитімен ауыратын науқас симптомдар пайда болғанға дейін 2 аптада және бір аптадан кейін басқаларға жұқпалы болады.
Вакцинациялау А вирустық гепатитінен қорғайды
Вакцинациялауға жатады:
*екі жастағы балалар;
*инфекция ошақтарындағы байланыстағы адамдар.
Гепатит инфекциясынан қалай сақтануға болады:
*тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін, жұмыстан оралғанда, серуендегенде қолыңызды жуыңыз;
*ашық су қоймаларынан қайнатылмаған су ішпеңіз және онымен жемістер мен көкөністерді жууға болмайды;
*ластанған су айдындарында шомылуға болмайды.