KZ
Өскемен
-1°
ясно жел 1,1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Зайсанда жүк тасымалдауға арналған аэродром салынуы мүмкін

сурет көрнекілік үшін алынды: depositphotos.com

27.05.2024, 18:01 135 Нұржан Кенжеұлы

Биылғы төрт айда Зайсан ауданындағы бөлшек тауар айналымының мөлшері 3 миллиард 561 миллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,6 пайызға көп, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдинаның айтуынша, алыс-берістің көлемін одан сайын арттыруға мүмкіндік мол.

– «Майқапшағай» кеден бекетінде басталған жаңа көліктік-логистикалық орталық салу жобасы ойдағыдай аяқталатын болса, ауданымыздың сауда-саттық саласы жаңа белеске көтерілетіні анық. Сонымен қатар, туризм саласы да біртіндеп дамып келе жатыр. Бұған, әрине «Майқапшағай» кеден бекеті мен ерекше әсем табиғатымыздың септігі зор, – деген аудан басшысының орынбасары тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өңірде Зайсан мен Тарбағатай аудандарына ортақ жүк тасымалдауға арналған жаңа аэродромның құрылысы басталуы мүмкін. Аталмыш жоба іске асып, әуе бекеті салынса, бұл қос ауданның сауда-саттықпен бірге, өндіріс салаларына да тың серпін берері сөзсіз.

– Сауда дегенде, шағын және орта бизнес туралы айтпай кетуге де болмайды. Жалпы, біздің ауданда кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде Зайсанда шағын және орта бизнестің 4 071 субъектісі жұмыс істеп тұр. Әлбетте, әлеуметтік нысандардың салынуы аудан бюджетінің орындалуына да байланысты. Осы ретте, аудан бюджетінің өз кірісі төрт айда 941,4 миллион теңгеге орындалып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40,6 пайызға артқанын айтқан жөн, – дейді аудан әкімінің орынбасары.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив