KZ
Өскемен
-4°
ясно жел 1 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Балалар «Болашақта» демалып жатыр

25.06.2024, 09:51 106 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл оқушылардың жазғы демалысы көңілді өтіп жатыр. Өйткені Оқу-ағарту министрлігі биыл жазда барлығы 3,1 млн бала, яғни оқушылардың 88,2%-ы демалыспен қамтылатынын хабарлаған болатын. Осы орайда біздің облыс өзге өңірлердің оқушыларына да төрін ұсынып, өзінің балаларына да көңілді демалыс сыйлауға тырысып бағуда.

Өскемен қаласымен іргелес жатқан Ұлан ауданында мектеп оқушылары биыл түгелдей жазғы демалыспен қамтылмақ. Себебі 4654 балаға арналған Төменгі Тайнты ауылындағы «Болашақ» жазғы лагері күрделі жөндеуден өткен. Қазір демалыс орны балалар үшін барын салып жұмыс істеп жатыр. Жуықта ғана алғашқы лекпен демалыс орнына жеткен 360 бала тамаша табиғат аясында жазғы демалысты бастап кеткен.

– «Болашақ» лагерін биыл күрделі жөндеуден өткіздік. Балаларды тасымалдаудан бастап барлық қауіпсіздік шараларына көңіл аударамыз. Өзім барып балалардың жатар орындарының тазалығын, тамақтарының сапасын тексеріп отыратын боламын, – дейді Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев.

Иә, демалыстағы оқушылардың қауіпсіздігі мен жай-күйін қадағалап отырудың маңызы зор. Себебі жазғы оқу жылы аяқталар тұста оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға білім басқармаларының басшылары жауапты екенін айтқан. Сондай-ақ министр олардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып жазғы лагерді ұйымдастыру мәдениетін қалыптастыру қажеттігін жеткізді.

Ал облыс орталығына жақын маңда орналасқан «Болашақ» лагерінде жоғарыда айтылған талаптар түгел орындалғанын Ұлан ауданының әкімдігі баяндап отыр. Аталған лагерьде демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар бес мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, бүлдіршіндердің демалысын таза ауада пайдалы әрі қызықты өткізу жағы қарастырылған. Осылай Ұлан ауданы балалардың жазғы демалысы жайлы өтуіне жағдай жасап отыр.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив