KZ
Өскемен
-16°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, ОБ
518.14 537.57 5.27

Максим Мұхаметов Өскеменге Гагарин кубогын алып келді

9.07.2024, 18:25 352 Ержан Әбіш

Өскемен хоккейінің тәрбиеленушісі Максим Мұхаметов туған қаласына Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) басты жүлдесі – Гагарин кубогын алып келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өткен хоккей маусымында 25 жастағы өскемендік спортшы ҚХЛ-да Магнитогорсктің «Металлург» командасы сапында дебюттік ойындарын өткізіп, ҚХЛ чемпионы атанды. Сондай-ақ Мұхаметов Қазақстан құрамасының қатарында екі әлем чемпионатына қатысып, төрт шайба соққан болатын (былтыр – 3, биыл – 1).

Әуежайда чемпионды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов, «Торпедо» хоккей клубының және Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы, «Торпедоның» жанкүйерлері қарсы алды. Максим Өскеменге ата-анасымен (әкесі Мұрат Мұхаметов та бұрын хоккейші болған) және жұбайы Вильданамен келді. Оны қарсы алуға алғашқы тәлімгерлері – Владимир Логвин мен Василий Васильченко да келді.

Максим ұшақтан түсе сала кубокты алып Тәуелсіздік монументі, облыстық театр, спорт сарайы, Металлургтердің мәдениет үйі, Даңқ мемориалы сынды қаланың көрікті жерлерімен жүріп өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Гагарин кубогын 2011 жылдың мамыр айында Өскеменге алғаш рет жерлесіміз Виталий Колесник әкелген болатын.

Бүгін кешке Максим Мұхаметов Б.Александров атындағы спорт сарайында «торпедолық» жеткіншектермен және жанкүйерлерімен кездесті.

– Хоккейдегі абыройлы жүлде – «Гагарин кубогы» тура он үш жылдан кейін жерлесіміздің арқасында Өскеменге тағы оралып отыр. Бұл – барша шығысқазақстандықтар үшін үлкен қуаныш! Максимнің жетістігі жастарға үлгі-өнеге болып, оларға шабыт берері анық. Мемлекет тарапынан хоккейді дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Марқұм Бердібек Сапарбаев аймақ басшысы болып тұрғанда Өскемен, Риддер, Алтай қалаларына жабық мұз айдындары салынған болатын. Алдағы уақытта сондай хоккей модулі Зайсан қаласында да салынады. Спорттың осы бір әдемі түрін өркендетуге қолдан келгенше қолдау көрсетілетін болады. Хоккейшілерімізден тек жеңіс күтеміз, – деді жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Кездесуде Максимнің, ата-анасы мен жұбайының иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Алғашқы бапкері Василий Васильченко өз шәкіртін мақтан тұтатынын айтып, оған жаңа жеңістер тіледі.

«Торпедо» клубының бас демеушісі – «Казцинк» компаниясының атқарушы директоры Андрей Лазарев хоккейдің өскемендіктер, жалпы өңір тұрғындары үшін ерекше спорт екенін атап өтіп, компанияның спортшыларға көрсетіп жатқан қолдау-көмегі жылда-жылға арта беретінін жеткізді. 

Максим Мұхаметов жерлестеріне көрсеткен қошемет-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, өзінің фамилиясы жазылған жейдені облыс әкіміне тарту етті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу