Өскеменде үздік құрылыс шеберлері анықталды
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының артындағы құрылыс алаңында құрылысшылар күніне арналған жарыстар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара құрылыс саласының үздік мамандарын анықтау алаңына айналды. Қатысушылар құрылыстың әр саласы бойынша өз шеберліктерін көрсете алды.
«Дәстүр бойынша Құрылысшылар күні кәсіби мерекесі тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Осыған орай облыс әкімдігі «Үздіктердің үздігі» байқауын ұйымдастырды. Оған тек Шығыс Қазақстан облысынан ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен де құрылыс компаниялары қатысуға ниет білдірді», - деді ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының Мемлекеттік қызмет көрсету және әкімшілік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Назгүл Нұрланова.
Байқау үш номинация бойынша өтті: үздік тас қалаушы, экскаваторшы және тиегіш машинисі. Экскаватор машинистері бағындыруға тура келген жарыстарды ерекше атап өткен жөн. Сайыс барысында олар экскаватордың шөмішімен кегльдерді құлату, шеге қағу, ашық тұрған сіріңке қорабын жабу сияқты күрделі де қызықты кезеңдерден өтуі тиіс болды.
«Бүгінгі сайысты ұйымдастырушыларға өте ризамын. Сіріңке қорабын экскаватор шөмішімен жабу сайысына қатыстым. Бұл қарапайым нәрсе сияқты болып көрінгенімен, дағдылар мен қабілеттердің ұмытылмайтындығының тағы бір дәлелі. Құрылысшылар күнінде мұндай шараны жыл сайын өткізген жөн деп ойлаймын. Барлық қатысушыларға және осындай қызықты байқауға жіберген компания басшылығына алғыс айтамын», - деп әсерімен бөлісті байқауға қатысушы Александр Костров.
Барлық сайыс жеңімпаздары сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды, сонымен қатар кәсіби аренада көрермендерге өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.