KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 1 м/с, С
502.27 597.15 6.57

Нұрымбет Сақтағанов: «Риддерде Куршевельден де мықты тау-шаңғы курортын жасауға мүмкіндік бар»

Бүгін, 12:00 27 Базарова Айгүл

Шетелдік сарапшылардың талдауын дәйекке алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласының туристік әлеуеті өте жоғары екенін айтты. Оның сөзінше, Риддерден Катонқарағай мен Марқакөлге дейінгі аумақ туристік тұрғыда әлі толық ашылмаған, деп хабарлайды Altainews.kz.

Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында өңір басшысы туризм саласын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру жоспарымен бөлісті.

Сұхбат барысында журналист туризм саласының баяу дамуына қатысты қаржы, кадр және инфрақұрылым тапшылығы мәселесін көтерді. Бұл сауалға жауап берген облыс әкімі Риддер қаласы бойынша швейцариялық компания арнайы талдау жүргізгенін айтты.

— Сарапшылар Риддерде Куршевельден де мықты тау-шаңғы курортын жасауға мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Мұнда әлеует өте жоғары, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Әкімнің айтуынша, Риддерден Катонқарағай мен Марқакөлге дейінгі аумақ туристік тұрғыда әлі толық ашылмаған. Дегенмен алдағы екі жылда өңірдің келбеті түбегейлі өзгереді деп күтіліп отыр.

— Қазірдің өзінде Риддерге көптеген компаниялар келіп жатыр. Қалада 500–600-ге жуық қар шанасы бар. Түркиядан, Ресейден келетін туристер өздерінің қар шаналарын осында қалдырып, жылына бір рет келіп демалады. Себебі Риддердегідей табиғи қар әлемнің көп жерінде жоқ, – деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, бір кездері Кеңес Одағының шаңғы құрамасы дәл осы өңірде жаттыққан. Себебі мұндағы биіктік пен қар сапасы кәсіби спорт үшін аса қолайлы болған.

— Қазір көптеген елдерде жасанды қар қолданылып жатыр, ал бізде табиғи қар жеткілікті. Ең бастысы – бұл мүмкіндіктерді тек туристерге емес, өз тұрғындарымызға да қолжетімді ету, – деді әкім.

Аймақ басшысы Алтай қаласының дамуы агроөнеркәсіп саласымен тығыз байланысты болатынын да атап өтті.

— Алтайда ауыл шаруашылығы – басты басымдық. Алдағы екі жыл ішінде сүт зауыты салынады. Жақында сүт-тауарлы ферма іске қосылды, – деді ол.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл салада табысты даму үшін ең алдымен қайта өңдеу бағытын күшейту қажет.

— Өндірісті емес, ең алдымен қайта өңдеуді дамытуымыз керек. Қайта өңдеу алда жүрмейінше, ауыл шаруашылығы толық дамымайды, – деп түйіндеді әкім.

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай мен Риддер – тау-кен өндірісіне тәуелді моноқалалар. Осыған байланысты пайдалы қазбалар қоры таусылған жағдайда бұл қалалардың болашағы қандай болмақ деген сұрақ жиі көтерілетінін жеткізген журналист «Алтай мен Риддер Арқалықтың жолын қайталамай ма?» деген сауалын жолдады. Өңір басшысы Алтай мен Риддердің әлеуеті Арқалықпен салыстыруға келмейтінін айтты.

— Арқалықтан айырмашылығы – Алтай мен Риддердің дамудың бірнеше бағыты бар. Біріншіден, туризм. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені. Үшіншіден, жер қойнауындағы қорлар әлі де жеткілікті, – деді әкім.

Оның сөзінше, бұрын кен өндіру барысында негізінен металдың құрамы жоғары үстіңгі қабаттар ғана игерілген. Ал төменгі қабаттарда да айтарлықтай қор бар.

— Қазірдің өзінде «Казцинк» компаниясы кейбір кен орындарын бергісі келмей отырғанын айтып отыр. Бұл – қордың бар екенін білдіреді. Біз бірнеше ондаған жыл бойы тек алтын қорының өзімен жұмыс істей аламыз. Бұдан бөлек, игерілмеген өзге де кен орындары бар, – деді ол.

Сонымен қатар облыста техникалық университет пен салалық ғалымдар бар екенін атап өткен Нұрымбет Сақтағанов өңірдің табиғи байлығы кемінде бірнеше онжылдыққа жететінін жеткізді.





Фото: Tengrinews.kz / Алимжан Аманжол

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу