Жылыту маусымы басталғалы ШҚО-да өрт саны 23 пайызға артты
Жылыту маусымы басталғаннан бері ШҚО-да 235 өрт оқиғасы орын алды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 пайызға көп. Әсіресе пешті талапқа сай пайдаланбау салдарынан шыққан өрттердің үлесі 60 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тексеру барысында көбіне пешке байланысты кемшіліктер анықталуда. Пеш қабырғасындағы жарықшақтар, тазаланбаған мұржалар, пеш алдында металл қаңылтырдың болмауы, сондай-ақ электр желілерін талапқа сай пайдаланбау – өрттің негізгі себептері. Құтқарушылар әр үй иесімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салуда.
Өкінішке қарай, өрт салдарынан қаза тапқандар саны да азаймай отыр. Биылғы маусымда 13 адам көз жұмған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Оның ішінде 7 жағдай отты абайсыз қолданудан, 4 жағдай мас күйде төсекте шылым шегуден, 1 жағдай пешті дұрыс пайдаланбаудан орын алған.
Қауіптің алдын алу мақсатында әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар тұратын пешпен жылытылатын үйлерге иіс газын ерте анықтайтын датчиктер орнатылуда. Қазір облыста 496 газ сигнализаторы істеп тұр.
Сонымен қатар «Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық акциясы аясында бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлері 21 үйдің пешін жөндетіп, 27 үйдің мұржасын тазалатты. Күршім ауданында көпбалалы отбасыға жаңа пеш орнатылса, Глубокое ауданында тозығы жеткен үйлердің электр желісі жөндеуден өтті.