Астанада Қазақ ауылы құрылады
Қыркүйектің 7-сі мен 13-і аралығында Астана қаласының тұрғындары мен шаһар қонақтары Қазақ ауылының мейманы бола алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәл осы күндері Елорда төрінде үлкен этноауыл құрылады. Атшабардың жанынан бой көтеретін этноауылда жеті күн бойы ұлан-асыр той болады. Ол жерде үздік аспаздар, қолөнершілер мен өнерпаздар жиналады.
Бұдан бөлек, мұнда ұлттық ойындар мен балалардың ойын алаңы, ұлттық тағамдар, басты сахна, аймақтардың этно қоныстары, мүсіншілер фестивалінің алаңы, шығыс базары мен қолөнершілер қалашығы болады.
Қазақ ауылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай құрылатынын айтқан жөн. Оған республиканың әрбір өңірі өз керуенін жіберіп, қазақтың төл өнері мен мәдениетін көрсетеді. Ойындарға қатысатын өзге елдер де шатырын тігеді.
Тағы бір айта кетер жайт, қыркүйектің 9-ы күні астаналықтар мен қала қонақтары Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалай алады. Дәл осы Қазақ ауылының аумағында өтетін концерт сағат 14:00-де басталады.
Ресми түрде «Көшпенділер әлемі» деп аталатын Қазақ ауылы Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайында орналасатынын айту керек. Кіру тегін!