Өскеменде офицер-түлектермен оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр
Өскеменде 2023 жылы Қазақстан мен Ресей Федерациясының әскери жоғарғы оқу орындарын тәмәмдаған офицер-түлектермен оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жиынның мақсаты - офицерлердің әскери оқу орындарынан түлеп шығып, бір жыл көлемінде әскери бөлімдердегі күнделікті жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде алған білімдерін тексеру және оларды оқу-әдістемелік жиын барысында жетілдіру.
Оқу-әдістемелік жиынды өткізу кезінде жас лейтенанттар дене дайындығы мен атыс даярлығы, лауазымдық және арнаулы міндеттерді білу, ҚР ҚК жарғылары және басқа да оқу пәндері бойынша сынақтар тапсырды. Сонымен қатар, офицерлер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан тәжірибелік оқ атуды орындады.