KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.17 550.06 4.93

ШҚО-да батальон командирлері бас қосты

13.09.2023, 10:23 202

Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 3477 әскери бөлімінің Дағдарысқа қарсы оқу орталығының базасында батальондар командирлерімен практикалық дайындық бойынша бес күндік жиын басталды. Кәсіби деңгейін жетілдіруге еліміздің барлық өңірлерінен елуден астам офицер қатысуда.

Жиын бағдарламасына сәйкес, бес күн ішінде батальондық буын офицерлерінен әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің негізгі басымдықтарын, әскери жарғыларды, оның ішінде атыс, дене шынықтыру, әскери-инженерлік даярлық, РХБЗ және техникалық даярлық бойынша практикалық дағдыларды айқындайтын басшылық құжаттар мен директиваларды білу секілді сынақтар қабылданатын болады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Қару-жарақ пен әскери техниканың, арнайы құралдардың, байланыстың тактикалық-техникалық сипаттамаларын білу, мемлекеттік-құқықтық, әдістемелік даярлық және әскери топография бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі.

Алғашқы күні офицерлер таңертеңнен бастап дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық, сондай-ақ басшылық құжаттар мен жалпы әскери жарғы бойынша сынақтар тапсырды.

Екінші күні Дағдарысқа қарсы оқу орталығының полигонында әртүрлі позициялар мен қару-жарақ түрлері арқылы ірі калибрлі пулеметтерді ату бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

– Бұл практикалық сабақтар батальон буынын дайындау тұрғысынан маңызды кезең болып табылады. Осындай сабақтардың арқасында офицерлер өздерінің функционалдық міндеттерін шебер және сенімді орындау үшін кәсіби дайындықты жетілдіреді. Біздің Жоғарғы Бас Қолбасшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев "Батыл тойтарыс – 2023" жаттығуында: «Біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет» деген болатын. Сондықтан бізге жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап шығу үшін әрбір офицеріміз өз ісін кәсіби деңгейде меңгеруі қажет. Сол себепті Жоғарғы Бас қолбасшының, Ішкі істер министрі мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының талабына орай жаңа форматта Ұлттық ұланның жеке құрамы мен командирлерінің жауынгерлік даярлығын шыңдаудамыз, - деп атап өтті генерал-майор Бауыржан Әбжанов.

Айта кету керек, жиын 15 қыркүйек күні қорытындыланып, Үздік офицерлер ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу