ШҚО-да сержанттардың әдістемелік-нұсқаулық жиыны өтуде
Фото: Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі
Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің түлектерімен әдістемелік–нұсқаулық жиын өтіп жатыр.
Биыл Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде қызмет атқаруға келген әскери оқу орнының 20-ға жуық түлегі арнайы әдістемелік–нұсқаулық жиыннан өтуде, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аталған жиын жас сержанттарды әскери қызметке бейімдеуге бағытталған. Кіші командирлер құрамы жаңа лауазымға кірісер сәтте қызмет бабындағы қажетті алғышарттарды меңгеріп, жеке құраммен оқу-жаттығу үдерісін сапалы ұйымдастыруға және тәрбие жұмыстары мен әлеуметтік-құқықтық шараларды жоғары деңгейде жүргізуге қалыптастырады.
Жас сержанттармен жиын 16 тамызға дейін жалғаспақ. Осы уақыт ішінде олар әскери бөлімде қызметтік жұмысты ұйымдастырудың негізгі қағидаттарымен егжей-тегжейлі танысып, жеке құрамды басқару дағдыларын бекітеді. Бұл жиыннан кейін жас сержанттар лауазымдарына тағайындалып, әрмен қарай қызметтерін жалғастыра бермек.