Үлескерлер, жылу жүйесі және инфрақұрылым: аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге келген Риддер мен Өскемен қалаларының тұрғындары коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі, абаттандыру сапасы, спорт ұйымдарының жұмысы, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты қордаланған нақты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өтініштердің басым бөлігі риддерліктер тарапынан түскен. Қала тұрғыны Наталья Мешкова №12 мектептің маңындағы қараусыз қалған ғимарат, Геолог шағын ауданындағы иесіз жатқан кәріз жүйелері мен су құбырлары желілері, Тәуелсіздік алаңын қайта жаңғырту барысында кеткен кемшіліктер, жылумен қамту және қаланың санитарлық жағдайы жайында маңызды мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының қауіпсіздігі, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифтерінің өсуі мен мердігер ұйымдардың бюджет қаражатын пайдалануына бақылау жүргізу жағдайы да назардан тыс қалмады.
Көтерілген сұрақтарды талқылай келе жауапты орган өкілдеріне облыс әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, Риддер қаласының әкімдігіне №12 мектеп маңындағы апатты ғимаратты ретке келтіру немесе сүру, иесіз инженерлік желілерді заңдастырып, су арнасының қолданысына беру, сондай-ақ орталық алаңды қайта жаңғырту кезінде жіберілген барлық кемшіліктерді жою міндеттелді.
Сонымен қатар, қабылдауда мемлекеттік грант иегері, көпбалалы ана Юлия Колчанова сөз алып, бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған әкімшілік тосқауылдар туралы баяндады. Аймақ басшысы мұндай мәселелердің барлығы қолданыстағы заңнама аясында шешілуі керектігін, шағын және орта бизнесті қолдау жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін ерекше атап өтті.
Қабылдау барысында Риддер қаласының қоғамдық және мәдени өмірін дамыту, «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру, ономастикалық жұмыстар және жеке инвестициялар есебінен 600 орындық жаңа мектеп салу сұрақтарына де ерекше назар аударылды. Бұл тақырыптарды қала тұрғыны Ернар Асаинов көтерді. Облыс әкімі халықпен диалогты күшейтіп, кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жобалардың іске асу барысы туралы тұрғындарды жүйелі түрде хабардар етіп отыруды тапсырды.
Өскемен қаласының тұрғындары да бірқатар мәселені ортаға салды. «Diamond» тұрғын үй кешенінің үлескерлері құрылыс мерзімінің созылып кетуіне және нысанның қазіргі жағдайы туралы нақты ақпараттың жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімі қала әкімдігіне және жауапты басқармаларға жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамадан өту барысына бақылауды күшейтуді, құрылыс алаңына тұрақты түрде шығуды және үлескерлермен жүйелі кездесулер ұйымдастыруды тапсырды. Құрылыс барысы туралы ақпарат ай сайын, нысан пайдалануға берілгенге дейін жеткізіліп отыруы тиіс.
Бұдан бөлек облыс орталығының тұрғыны Ольга Мохова Жібек жолы көшесі, 15-үй тұрғындарының атынан сөз алып, жылу жүйесіндегі мәселелер мен баспаналарындағы көзден таса қалған құрылыс ақауларын тілге тиек етті. Аталған өтініш бойынша барлық мәселелерді құрылыс компаниясымен бірлесе пысықтап, жылумен қамту жүйесіндегі ақаулардың толық жойылуын бақылауға алу тапсырылды.
Қабылдау қорытындысында облыс әкімі азаматтардың жеке өтініштері кері байланыстың маңызды тетігі екенін атап өтіп, көтерілген барлық мәселе өзінің жеке бақылауында екенін жеткізді.






