2026 жылы МӘМС жүйесінде не өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде халықты қамтуды кеңейтуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан МӘМС жүйесінде қандай жаңашылдықтар енгізілетіні және сақтандырылмаған азаматтар қандай медициналық қызметтерді ала алатыны жөнінде сұрақтар жиі түсуде. Аталған мәселелерге байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚО бойынша филиалы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚО бойынша филиалының директоры Данияр Исеновтің айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде сақталғанымен, заңнамаға жүйені қаржыландыруға да, медициналық қызметтер тізбесіне де қатысты маңызды түзетулер енгізілген.
Сонымен бірге қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек, бүйрек және тыныс алу ағзаларының аурулары сияқты созылмалы дерттері бар пациенттерді емдеу және бақылау МӘМС жүйесінде жүргізіледі. Бұл орайда қажетті медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар толық көлемде қамтамасыз етілетінін айта кеткен жөн.
Жүйеге қамту кеңейіп, әлеуметтік қорғаныс күшейеді
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер ең алдымен халықты қамту аясын кеңейтуге және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қорғауға бағытталған. Данияр Исеннің айтуынша, бүгінде республика бойынша халықтың шамамен 83 пайызы МӘМС жүйесіне қатысушы саналады. Алайда 3,3 миллионнан астам азамат әлі де сақтандырылмаған. Ал Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 103 мыңнан асады.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық және төмен деңгейінде тұрған азаматтар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын биылдан бастап жергілікті бюджет есебінен төлеу тетігінің енгізілуі. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысында қосымша 25 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесімен қамтылады деп күтілуде.
Сонымен қатар, жарналарды кемінде бес жыл қатарынан тұрақты төлеген азаматтар үшін жеңілдікті кезең ұзартылмақ. Егер олар уақытша табысынан айырылса, бұрынғыдай үш ай емес, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұл норма азаматтардың әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға және күтпеген жағдайларда медициналық көмексіз қалмауына мүмкіндік береді.
Қаржыландыру тетігіндегі өзгерістер
Өзгерістер жүйені қаржыландыру тетігіне де әсер етеді. 2026 жылдан бастап жоғары табысы бар қызметкерлер үшін жарналарды есептеу базасының жоғарғы шегі ұлғайтылады. Ал азаматтардың басым бөлігі үшін жарналар мөлшері өзгеріссіз қалады.
Данияр Исенов медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіліп жатқан барлық өзгерістердің тұрақты, әділ және пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Медициналық көмек азаматтың табыс деңгейіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы – жүргізіліп жатқан реформалардың басты қағидаты.


