KZ
Өскемен
-10°
туман Штиль
501.79 595.07 6.56

Қазақстан биатлоннан Милан-2026 Олимпиадасына 4 жолдама алды

19.01.2026, 19:00 437 Төлеуғазы Жансая

Қазақстан құрамасы биатлон спортынан Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарына 4 жолдама иеленді. Бұл квоталар 2025–2026 жылғы маусымдағы әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алынған жолдамаларға сәйкес, Олимпиадада Қазақстан атынан 2 ер және 2 әйел спортшы жарысқа қатыса алады. Алайда Туризм және спорт министрлігі хабарлағандай, бұл жолдамалар нақты спортшыларға емес, Ұлттық федерацияға берілген. Сондықтан Италияға кімдердің баратыны әзірге белгісіз. Олимпиадаға қатысатын биатлоншылардың есімін Қазақстан құрамасының бапкерлер кеңесі алдағы уақытта жариялайды.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде басқа да спорт түрлері бойынша олимпиадалық лицензиялар бар. Атап айтқанда, конькимен жүгіру спортынан – 12, шорт-тректен – 9, ал мәнерлеп сырғанаудан – 2 жолдама алынған. Бұл бағыттар бойынша ел намысын қорғайтын спортшылардың бір бөлігі белгілі.

Олимпиадалық лицензияларға қатысты толық әрі нақты ақпарат қаңтар айының соңында жарияланады. Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.



Фото: pexels.com

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу