Қасым-Жомарт Тоқаев: Парламенттің рөлі күшейіп, президенттік квоталар алынып тасталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, сайлау жүйесін жетілдіруге және саяси бәсекені арттыруға бағытталған бірқатар маңызды ұсыныстарды ортаға салды. Бұл бастамалар қазақстандық парламентаризмді дамытуға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға негізделген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың атап өткен ұсыныстардың екінші бөлігі Парламенттің бірқатар негізгі мемлекеттік органды қалыптастырудағы құзыреттерін кеңейтуге бағытталған.
Президент жаңа Парламентті жасақтау тәртібіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары пропорционалды сайлау жүйесі қағидаты бойынша сайлануы тиіс. Бұл тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірлерде мажоритарлық сайлау жүйесін сақтап қалудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, бұл аймақтардағы жергілікті тұрғындардың пікірі мен дауысының нақты әрі толық естілуіне мүмкіндік береді.
Президенттік квота мәселесіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент ешкімнің қамқорлығына немесе қадағалауына мұқтаж емес екенін айтты. Осыған байланысты Парламенттегі Президент квотасын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасын алып тастау ұсынылды.
Ал әлеуметтік топтарға арналған квотаға қатысты Мемлекет басшысы бұл тетікті сақтап қалу қажет екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Парламентке өту шегін бес пайыздан жеті пайызға көтеру жөнінде ұсыныстар да айтылған. Алайда Президент бұл норманың тиімділігін атап өтіп, қолданыстағы бес пайыздық межені сақтауды орынды деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, дәл осы өзгерістің нәтижесінде ел тарихында алғаш рет Мәжіліске алты бірдей саяси партия өткен.
Мемлекет басшысы ұсынған бұл бастамалар елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, Парламенттің дербестігін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған.
Фото: Ақорда




