Президент сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялады
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Жиынға Мәжіліс және Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысып жатыр.
Атап айтқанда, дәл қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр.
Бірлескен отырысқа Мәжілістің 98 депутатының 97-сі және Сенаттың 50 депутаты түгелдей қатысып отыр.
Жолдаудан тікелей эфир сағат 11:00-ден бастап республикалық телеарналарда, сондай-ақ www.akorda.kz ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі Aqorda аккаунттарында көрсетіледі.