KZ
Өскемен
-11°
туман жел 1 м/с, З
501.79 595.07 6.56

«Арман дүние...» – ақын Ғалым Байбатыровтың азаматтық тұлғасын айшықтаған фильм

21.01.2026, 15:00 132 Даурен Аллабергенұлы

Облыстық Пушкин атындағы кітапханада белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, талантты ақын, драматург, өлкетанушы Ғалым Байбатыровтың шығармашылық ғұмырына арналған «Арман дүние» бейне фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Талантты қаламгер жайындағы тағлымды шараға әріптестері, қаламгер достары мен шәкірттері және оның шығармашылығына тәнті оқырмандары жиналды.  

Алдымен кеш тізгінін ұстаған кітапхана маманы Ұлпан Қанатова фильм кейіпкерінің өмірбаянын жиналғандарға таныстырды. Ғалым Байбатыров 1949 жылы 12 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1971 жылы Зайсан аудандық «Достық» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастап, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Одан кейін отыз жылдан аса Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы секілді басшылық қызметтерді атқарды.

Жадымда тұрар жаңғырып...

 – Ғалым Айтқанұлының шығармашылық ғұмыры да, былайғы өмірі де оқырман қауымға жақсы таныс. Мен онымен отыз жылдан аса бірге қызмет еттім. Бүгінгі кеште оның көп адам біле бермейтін қырларына тоқталсам деймін. Соның бірі Ғалекеңнің өткен ғасырдың сексенінші жылдары өңірде айтыс өнерін жандандыруы еді. Ақындар Хамит Балшабеков, Абаш Кәкеновтар, тағы басқалар кәдімгідей айтысса, Ғалым ағамыз қаламгер Жұмағазы Игісінов екеуі өтірік айтыс түрін ұйымдастырып, елдің алдына шықты. Өте әзілқой, айналасын үйіріп әкететін, өзінің өлең-жырларымен баурап алатын. Ал жұмыста өте еңбекқор болды. Бар ынтасын салып, уақытпен санаспай қызмет етті. Өзі сол жұмысынан ләззат алатын, шабыттанатын. Достыққа да өте адал болды. Мұны онымен бірге істеген әріптестердің бәрі де біледі. Өзі қолтаңба жазып беріп, сыйлаған кітаптарын парақтаған сайын бірге жүрген жастық шақтағы күндер еске түседі, көңілің толқып, кейде көзіңе жас та келеді, – деді ардагер журналист, жазушы әріптесі Айтмұханбет Қасымов. 

Ғалым Айтқанұлы республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, кейін облыстық халық шығармашылығы орталығында еңбек етті. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болашақ журналистерге Қазақ журналистикасының тарихы және қазіргі газет жанрлары пәндерінен дәріс оқыды.

Ақын аты – Ғалекеңнің ең үлкен марапаты

– 1977 жылдың маусым айында сол кездегі редактор Омарбек Қайсанов ағамыздың шақыруымен облыстық «Коммуниз туы» газетіне қызметке келдім. Ғалым ол кезде «Мәдениет және әдебиет» бөлімін басқарады екен. Мен сол бөлімге орналастым. 7-8 жылдай бірге еңбек еттік. Ғалекең облыстағы таңдаулы, кім бар десе көрсететін мықты ақын болатын. Ешкімге ренжуді білмейтін. Газеттің барлық жанрларына қалам тербеді. Очерк пен суреттеменің майын тамызып жазатын. Газеттің нағыз майталман торысы болды. Өндіре жазып, өмірінің соңына дейін тынымсыз еңбек етті, мол мұра қалдырды. Бүгінгі бейне фильмді көре отырып, соның бәрі көз алдымыздан лентадай өтіп шықты. Ол ең бірінші кезекте үлкен әріппен жазылатын, шоқтығы биік ақын, – деді белгілі қаламгер, аудармашы, әріптес замандасы Жұмағазы Игісінов. 

Ақынның өлеңдері 1966 жылдан бастап республикалық, облыстық және аудандық мерзімді баспасөздерде жарияланған

1981 жылы «Шығыс Қазақстан ақындары», 1982 жылы республикалық «Жазушы» баспасынан «Сәуір самалы», 1999 жылы «Әл-Фараби» баспасынан «Үміттің оты сөнбейді», 2000 жылы «Шығыс» баспасынан (Өскемен қаласы) «Арман дүние» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

– Ағалардың естеліктерінің бәрі Ғалым ағамыздың азаматтық тұлғасын дәл айшықтап тұр. Өзім 2001 жылы Алматыдан Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетті бітіріп, биыл 95 жылдығы аталып өтетін облыстық Didar газетіне жұмысқа орналастым. Сол кезде ағамыз жауапты хатшы қызметінде болатын. Тілші бола жүріп, артынан жауапты хатшының көмекшісі қызметін атқардым. Сол кезде Ғалым ағадан газетті көркемдеп шығаруға қатысты көп дүниені үйрендім. Ғалым аға тек газетпен ғана шектелмей сөз өнерінің басқа да жанрларына үздіксіз қалам тартты. Қазір жастардың бәрі әлеуметтік желіден шықпайды, кітапты аз оқиды. Онда сапалы қазақ тіліндегі контенттер өте аз. Сол олқылықтың орнын толтырып жүрген жас журналист Амина Бақытбекқызының еңбегіне табыс тілеймін, мұндай деректі фильмдер жалғасын таба берсін, – деді облыстық Didar газетінің контент-редакторы Айжанат Бақытқызы.

Мұнымен қатар «Зайсан тарихы» (2003), «Шежірелі Шығыс өңірі» (2006), «О дүниенің табалдырығы» (2007), «Жүрегімнің жанары» (2008), «Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясынан шыққан өлкетану тақырыбындағы «Зайсан»(2015) атты тарихи-танымдық кітаптардың авторы.

Қасым Қайсеновтың батасын алған драматург

– Ғалым ағамыз аударма жанрына да қалам тербеп, майдангер, жерлес ақын Михаил Чистяковтың туындыларын қазақ оқырмандарына кеңінен танытты. Бұлардың дені уақытында өлкелік мерзімді баспасөзде, түрлі жинақтарда жарық көрген. Сонымен қатар облыс жұртшылығына кеңінен танымал әйгілі сазгер Оралхан Көшеровтің «Өскеменім», сонымен қатар «Би алаңында» секілді бірнеше әндерге сөз жазған талант иесі. Қаламгердің әлі де жарық көрмеген поэзиялық, прозалық шығармаларын мұрағаттардан, кітапханалардан іздеп тауып, кейінгі жас буынға үздіксіз насихаттау, ақынның атында жыр мүшәйраларын ұйымдастыру, облыстық деңгейде Ғалымтану оқуларын өткізу мына бізге, өзі ұстаздық еткен шәкірттеріне үлкен аманат, – деді шәкірттерінің бірі, журналист Дәурен Аллаберген.    

Драматург ретінде де есімі кеңінен танылған Ғалым ағаның «Өңім бе, ойбай, түсім бе?», «Албасты» операциясы», «Отан үшін» пьесалары облыстық Жамбыл атындағы драма театрдың сахнасында аншлагпен қойылған.

– Біз облыстық Жамбыл атындағы театрдың шығармашылық өміріне белсене кіріскен сәтте Шығыстағы жергілікті ақын, жазушы, журналист аға-әпкелердің, замандастардың қолдауын, шығармашылық жылуын қатты сезіндік. Тізе қоса бірге еңбек еттік. Солардың бірі де бірегейі осы Ғалым аға Байбатыров еді. 2002 жылы ол кісінің ақын, талантты режиссер марқұм Рүстем Есдәулетов сахналаған «Өңім бе, ойбай, түсім бе?» атты комедиялық қойылымы болды. Одан кейін 2005 жылы «Отан үшін» пьесалары өте аншлагпен өтті. Көрермендер өте жылы қабылдады. Мәселен, мен рөлін сомдаған даңқты батыр, партизан жазушы Қасым Қайсенов атамыз бен Асыл апамыз тұсаукесерге Алматыдан арнайы келіп тамашалады. «Өй, мынау менен айнымайды ғой... » деп өте риза болып, батасын берді. Бұл да Ғалым ағаның драматургиядағы талантының бір қыры, – деді облыстық драма театрдың актері Қанат Ниязбеков.

Сондай-ақ, Ғалым Байбатыров Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше жыр мүшәйралардың бас жүлдегері. Зәкір Баянов атындағы сыйлықтың иегері. Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты.

Есімін ұлықтау кейінгі ұрпақтың парызы

– Бұл менің алғашқы көлемді бейнематериалым болғандықтан, қобалжу бар, алдағы уақытта әлі де толықтыра түсемін. Бұл жобаны іске асыру барысында үлкен қолдау көрсеткен өңірлік журналистика саласының ардагерлеріне, журналистика мамандығына баулып жатқан ұстаздарыма алғыс білдіремін. Алғаш студент атанған кезден бастап күнделікті сабақ барысында Ғалым ағаның есімін көп кездестірдім. Ұстаздарым да, әсіресе, біздің деканымыз Сіләмбек Қалибекұлы да Ғалым Байбатыров туралы үнемі айтып отырады, шығармашылығын насихаттайды. Сондықтан да фильмді түсіруге қанаттанып, батыл кірістім. Ұстаздарым – Әсел Берікболова, Гүлмира Ахметқалиқызы, Айымгүл Қамзақызы көп бағыт-бағдар берді. Кейіпкерімнің өмірбаянын зерттеу барысында өзім үшін өңір журналистикасының жаңа бір парақтарын ашқандай әсерге бөленгенім, аймақ баспасөзінің тарихына бойлай түскенім рас, – деді осы фильмнің авторы, жас журналист Әмина Бақытбекова.

Өлке тарихы тақырыбына кеңінен қалам тербеген талантты қаламгер арамызда болғанда 77 жасқа толған болар еді. Білікті журналист 2012 жылы 14 қарашада Өскемен қаласында 64 жасында дүние салды. Сынаптай сырғыған уақыт содан бері де бір мүшелден астам мезгілді артқа тастапты...

Деректі фильмнің тұсаукесеріне жиналған қаламгерлер мен кітапхана оқырмандары алдағы уақытта да Ғалым Байбатыровтың шығармашылығын кеңінен насихаттауды, сонымен қатар жазушының есімін өзінің туған жері – Зайсан ауданында, сондай-ақ қырық жылға тарта ең жемісті шығармашылық ғұмырын өткізген Өскемен қаласында көшелер мен мектептерге беру мәселелерін көтерді.   



Фото: «Didar» газеті архиві, 

облыстық Пушкин атындағы кітапхана

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу