KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, В
509.75 594.67 6.46

Өмірден өтсе де, өлеңі мен өнегесі өлмейді

16.10.2025, 17:10 335 Базарова Айгүл

Қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағановтың мезгілсіз дүниеден өткені – Шығыс жұртының қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.

Оның отбасы мен туған-туыстарына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамыз.

Мұрат Мырқанұлы – ғұмырын сөзге серік еткен, шындық пен сұлулықты өмірінің өзегіне айналдырған сирек жаратылыс иесі еді. Ол үшін журналистика – жай мамандық емес, ұлттың жүрегін тыңдап, соның үнін жеткізер қасиетті міндет болатын. Ал поэзия – сол жүректің сыры, туған жерге деген іңкәрлік пен адамдық ізгіліктің өрнегі еді.

1953 жылы Күршімнің Сарықамыс қыстағында дүние есігін ашқан Мұрат өмірдің қарапайым тіршілігінен үлкен рухтың биігіне көтерілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, өңірлік баспасөздің қара шаңырағы – «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде еңбек жолын жалғап, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі ретінде елдің сөзін сөйлеп, өңір өмірін өрнектеген қалам иесіне айналды.

Ол ана тілі мен ұлттық рухтың жанашыры болды. «Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, сөздің киесін, тілдің қадірін ұлықтады. Кейін облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі «Ертіс өңірі» газетінде, Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет етіп, мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосты.

Мұрат Тастағанов – «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» секілді жыр жинақтарының авторы. Оның әр өлеңінен туған жердің тастай қатты тағдыры мен бұлақтай мөлдір мұңы сезіледі. Ал 60-тан астам әннің сөзіне арқау болған жырлары – поэзия мен саздың, ой мен жүректің жарасымын танытқан асыл туындылар.

Өмірі мен еңбегі арқылы туған өңірінің рухани байлығын еселеген Мұрат Мырқанұлына «Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – елінің құрметі, халқының ықыласы еді.

Жаны таза, жүрегі жылы, сөзі нұрлы азаматтың бейнесі ұмытылмақ емес. Ол өмірден өтсе де, артында қалған өлеңі мен өнегесі өлмейді.

Марқұмның рухы пейіште шалқып, жаны жәннатта болсын!


Әлібек Қаңтарбай,

жазушы, ҚР Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу