«Қарасора-2025»: заңсыз айналымнан 27 тоннадан астам есірткі тәркіленді
«Қарасора-2025» республикалық операциясының қорытындысы жарияланды. Операция есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған. Оған маусым-қазан айлары аралығында полиция, ІІМ Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қатысты. Тікұшақтар, дрондар және спутник координаталары да қолданылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде 3,5 мың есірткі қылмысы анықталды; 27 тоннадан астам есірткі тәркіленді; құрамында есірткі бар өсімдіктердің 110 мыңнан астам бұтасы жойылды; 4 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық топ құрықталды; 6 есірткі зертханасы жойылды; 50 ішкі есірткі жеткізу арнасы жабылды.
Өңірлердегі нақты мысалдар: Жамбыл облысында 200 килограмнан астам марихуана тәркіленді; Алматы әуежайында Үндістан азаматы елге 3 келі марихуананы алып кірмек болғанда құрықталды; Жезқазғанда 100 келі марихуана тәркіленді; Қызылорда облысында 928 түп қарасора (300 келі) анықталды.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыра береді. Есірткі жолына түскен әрбір адам түсінуі тиіс: жазадан құтылу мүмкін емес.