KZ
Өскемен
туман жел 3 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Студенттер есірткі таратушыларды ұстады: Полиция қызметкерлері шынайы операцияны көрсетті

22.11.2025, 12:00 159 Базарова Айгүл

ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесіп, Экономика және техника колледжінің студенттері үшін есірткіге қарсы кең ауқымды профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Іс-шараның ең тартымды бөлігі — арнайы жасақтың шартты есірткі таратушыны ұстау операциясы. Студенттер құқық бұзушыны анықтау сәтінен бастап толық залалсыздандыруға дейінгі жедел әрекеттердің кезең-кезеңімен қалай жүзеге асатынын көрді. Бұл көрсетілім жастарға полицейлердің күнделікті жұмысының шынайы қырын түсінуге мүмкіндік берді.

Кинология қызметінің мамандары да оқу-жаттығуға белсенді қатысып, қызметтік иттердің есірткі жасырылған нүктелерді табудағы шеберлігін көрсетті. Иттер оқу мақсатында дайындалған жасырын орындарды жылдам анықтап, есірткі қылмысымен күрестегі маңызды рөлін тағы бір дәлелдеді.

«Студенттердің біздің жұмысымызды көзбен көріп түсінгені маңызды. Есірткі қылмысына қарсы күрес – кино кадры емес, жоғары жауапкершілікті, дәлдікті қажет ететін күнделікті қызмет», – деп атап өтті ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері.

Шара барысында жастарға есірткіні қолданудың немесе оны таратудың қандай ауыр салдарға әкелетіні түсіндірілді. Заң алдында жауапкершіліктің қатаң екені, бір сәттік шешім адамның бүкіл болашағын өзгертіп жіберуі мүмкін екені ерекше атап өтілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 16 жасөспірім ұсталған. Бұл көрсеткіш жастар арасындағы алдын алу жұмыстарын күшейтудің өзектілігін айқын көрсетеді.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу