ШҚТУ өзінің даму стратегиясын таныстырды
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры білім ордасының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жоспарымен таныстырды.
Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы Ректор Сәуле Рахметуллинаның «ШҚТУ Даму стратегиясы» тақырыбындағы брифингі өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Брифингке университеттің серіктес кәсіпорындары қатысты: "Казцинк" ЖШС, "Шығыстүстімет", "Қазгидроцветмет", "Өскемен ГЭС" ЖШС, "Өскемен ЖЭО" ЖШС, "KazMinerals" және т.б.
ШҚТУ басты миссиясы – білім, ғылым және индустрияны интеграциялау арқылы жоғары технологиялы болашақ қалыптастыру.
Басты бағыт үш секторды қамтиды екен: академиялық ұтқырлық, ғылыми-технологиялық жетістік және «Университет – ырыс-береке аймағы» деген атаумен ғылыми және білім қызметіне жайлы, оңтайлы орта қалыптастыру жобасы.
Аталған әр бағыт бойынша бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, инженерлерді озық даярлау бағдарламасы аясында математика, физика, информатиканы тереңдетіп оқытатын "EKTU Educational Academy" желілік инженерлік мектебі жұмысын бастап кетті. Біздің желілік мектеп түлектері ШҚТУ-да қысқартылған бағдарлама бойынша білім алатын болады.
Халықаралық ынтымақтастық, жақын және алыс шет елдердегі имиджді нығайту жолында бірнеше өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. Соның арқасында Нигерия мен Либериядан келген алғашқы студенттер ШҚТУ-да күндізгі оқуларына кірісті. Сонымен қатар, "Huawei", "Amazon", "Coursera" сияқты әлемдік жетекші компаниялармен белсенді ынтымақтастық орнатылғанын айта кеткен жөн.
Брифинг соңында университет ректоры серіктестердің, оқытушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді.