KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Сақтандыру қоры 59 медициналық ұйыммен шарт жасады

3.03.2023, 20:12 418 Айна Ескенқызы

Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы 59 медициналық ұйыммен жалпы сомасы 81,4 млрд теңгеге шарт жасасты.

Аталған 59 жеткізушінің ішінде 29 медициналық ұйым  – жекеменшік,  қалған 30-ы мемлекеттік және 12-сі  жаңа, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде  46,4 млн теңгенің, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде 34,9 млн теңгенің қызметтері көрсетілмек.

Биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады, бұрын бұл емханалар арқылы жасалатын. Стоматологиялық көмек көрсету шартында ештеңе өзгерген жоқ, пациенттер үшін бәрі бұрынғыдай. Тек келісімшарт жасау әдісі өзгерді. Естеріңізге сала кетейік, жоспарлы стоматологиялық көмекті тек балалар мен жүкті әйелдер  ала алады. Шұғыл көмек балалар мен жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және І топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және басқаларға тегін көрсетіледі, – деді ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ ол пациенттердің барлығы стоматологиялық клиникаларға жолдамасыз тікелей жүгіне алатынын, тек жүгінер алдында бұл клиниканың ӘМСҚ жеткізушісі ме, жоқ па нақтылау қажет екенін айтты. Бұл тізімді fms.kz ресми сайтынан көруге болады немесе клиниканың өзіне хабарласып, сұраған жөн.

- Өткен жылы облыста 360 млн-нан астам теңгеге 86 кардиохирургиялық операция, 500 млн теңгеге 99 нейрохирургиялық операция  жүргізілгенін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда тізе және жамбас буындарын ауыстыру операциялары халық арасында үлкен сұранысқа ие. Мысалы, 2022 жылы облыс дәрігерлері 917 млн теңгеге 674-тен астам операция жүргізді. Мұның бәрі жай ғана цифр емес, сақтандырылған пациенттерді емдеуге арналған қызметтердің бағасы, – деп түсіндірді спикер.

Былтыр пациенттерді амбулаториялық деңгейде қамтамасыз ету үшін ТМККК және МӘМС шеңберінде 9,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде – шамамен 55 мың пациентке, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында 42 мыңнан астам ересек пациентке және 16 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді.

– Биыл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 7,9 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдер келісілді. Оларды жеткізу бекітілген кесте бойынша қаңтардан басталды. Пациенттер қажет болған жағдайда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша СК-Фармацияның байланыс орталығына 1439  нөмірі бойынша жүгіне алатынын еске салғым келеді. Барлық қоңыраулар тегін, – деп қорытындылады филиал директоры.
 


 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу