Шығысқазақстандықтар медициналық қызмет сапасына жиі шағымданады – министрлік
ШҚО-дағы денсаулық сақтау объектілерінің 86%-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Сондай-ақ өңірдің медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар да жиі түсетін көрінеді.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ШҚО медициналық ұйымдарының басшыларымен өткізген кеңес барысында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лаура Ахметнияз айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыс бойынша ана өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға төмендеген.
Десе де, төраға міндетін атқарушы облыстағы босандыру және балалар саласындағы емдеу-диагностикалық, тәсілдік және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар кемшілікке назар аударып, пациенттерді қолдау қызметінің әлсіз жұмысына және медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтармен жабдықталуының төмендігіне де тоқталып өтті.
Артынша кадрлық әлеуетті сақтау және тарту, пациенттерді қолдау қызметін жетілдіру, халық проблемаларын жедел шешу сияқты проблемалық мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды.