Вирустың таралуына вакцина ғана тосқауыл болады – дәрігер-эпидемиолог
Вакцина алған азаматтар иммундық плазма тапсыру арқылы пандемияға қарсы күреске зор үлес қосты. Бұл туралы өскемендік дәрігер-эпидемиолог Иван Мещеряков айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Жалпы әлемде осы бір кері үрдіс қайтадан белең алды. Емханалар бүгін-ертең науқасқа толады демесек те, бұл инфекцияның денсаулық сақтау жүйесіне қатты зақым келтіретіні белгілі. Осы орайда вакцина алған адамдардың пандемиямен күреске қосқан үлесін атап өтуге тиіспіз. Мәселен антидене қалыптастырып үлгерген азаматтар облыстық қан орталығына барып иммундық плазма тапсырып жатты. Осылайша жағдайы аса ауыр науқастарға дем берді. Сондықтан вирустың таралуына вакцина алған адамдар тосқауыл болды деп сеніммен айта аламыз. Енді елімізде осал контингенттерді (дәрігерлер, күш құрылымдары, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер) ревакцинациялау үрдісі қайта жүріп жатқанын естеріңізге саламыз.
Ревакцинацияны вакцинацияның негізгі курсынан 6 ай кейін жасалады. Инфекцияның таралуын тек бірлесіп тоқтата аламыз, – деді маман.