Өскемендіктерді иммундық плазма доноры болуға шақырады. Сыйақы - 19446 теңге
Қазіргі таңда шығысқазақстандық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан сауығып шыққан азаматтарға иммундық плазма доноры болуға ұсыныс тастады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Дәрігерлердің айтуынша, емделіп шыққан адамдардың қан плазмасын ауыр жағдайдағы науқастарға құйса, иммунитеттері нығайып, асқынған аурудан айығатын көрінеді.
Бұл медицинада енді-енді дәлелденіп келеді. Америкалықтар 100 мыңнан астам адамға қан плазмасын құйып, оң нәтиже бергенін айтып әлемді қуантқан. Дәрігерлердің дерегіне осы тәжірибеден кейін Америкада өлім-жітім үш есеге азайыпты. Ал Қазақстанда қан плазмасын әзірлеу сәл кейін басталған.
Өскемен қаласындағы Облыстық Қан орталығында қаннан антидене плазмасын алу үшін тәжірибелі мамандар жұмылдырылған. Бұл тәжірибе әлемде тұңғыш рет жүргізіліп жатқандықтан, облыстағы медицина қызмет-керлеріне жоғары жауапкершілік жүктеліп отыр.
Егер короновирустық жұқпасы бар ауыр науқасқа иммундық плазманы құйса, ол донорлық антиденелерді ала отырып, өзінің иммундық жүйесін толық белсендіріп, антиденелерін шығарғанға дейінгі уақытты ұтымды пайдалана алады.
Қан орталығында өз плазмаңызды тапсырғаннан кейін сіз кем дегенде екі ауыр науқасқа бірден көмектесесіз. Сіздің денсаулығыңызға зиян келтірілмейді, плазманы беру қарапайым және қауіпсіз процесс.
Егер сіз иммундық плазма доноры болғыңыз келсе – қан орталығына келіңіз. Бұған дейін сіз емделіп шыққаннан кейін 2 немесе 3 апта ішінде үйде қалпыңызға келуіңіз қажет.
Тапсырылған плазма үшін ақшалай сыйақы 7 АЕК (19446 теңге) құрайды.
Донор болуға және мұқтаж науқастарға көмектесуге ниетіңізді білдірсеңіз, Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығына 8(7232) 70-38-38; 87057520964 нөмірлері бойынша телефон арқылы хабарласуыңыз қажет