Карантин: Өскеменде автожуу иесіне қомақты айыппұл салынды
Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтары кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кезекті рейд барысында Өскеменде бір күнде 80 нысан тексерілді. Нәтижесінде демалыс күні жұмыс істеген «Шанхай» автожуу мекемесінің иесіне 319 470 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ «Рауан», «Рубин»,«Даниил»,«Fix Price» дүкендері мен «Азалия» гүл сататын дүңгіршегінде санитарлық нормалардың сақталмағаны анықталған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы – 208 350 теңге.
Жарма ауданында санитарлық нормаларды бұзу бойынша 2 факті тіркеліп, Қалбатау ауылының және Жаңғызтөбе кентінің тұрғындарына 41 670 теңгеден айыппұл салынды. Алтай ауданында сатып алушыларға медициналық қолғапсыз қызмет көрсеткен «Фасоль» дүкенінің директорына айыппұл арқалады.
«Үржар ауданында 3 ереже бұзу фактісі тіркелді. Атап айтқанда, Мақаншы ауылында дүкен сатушысында медициналық маскалар қоры болмаған. Сонымен қатар Үржар ауылында дүкенге маскасыз келген екі тұрғын айыппұл төлейді. Катонқарағай ауданында 17 нысан тексерілді. Белқарағай ауылында 1 ереже бұзу фактісі тіркеліп, «Алмагүл» дүкенінің сатушысына 41 670 теңге көлемінде айыппұл салынған», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.
Глубокое аудынында 18 рейд жүргізіліп, 98 нысан қамтылды. Маска тақпаған екі азамат анықталды. Салынған айыппұлдың сомасы - 83 340 теңге. Риддер қаласында 5 рейд өтіп, 69 нысан тексерілді. Нәтижесінде 402 810 теңге көлемінде 3 айыппұл салынды.
Айта кетейік, ШҚО-да барлығы 128 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Олардың құрамына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары кіреді.