Шығыс Қазақстанда 407 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
Қазақстанда құрылыс саласының экономикадағы жетекші рөлі айқын. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2025 жылғы деректерге сүйенсек, ел аумағында құрылыс жұмыстарының көлемі артып, жаңа нысандарды іске қосу қарқыны тұрақты өсімге ие, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы жалпыұлттық үрдістен қалыс қалмаған. Елдегі инфрақұрылымның жаңғыруына өңір өз үлесін қосып, даму қарқынын тұрақты айшықтап отыр. Өткен жылы облыста орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 458,8 млрд теңгені құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,3 пайызға артқан. Аталған сомадан 364,6 млрд теңге құрылыс-монтаж жұмыстарына, 32,7 млрд теңге күрделі жөндеуге жұмсалған.
Жұмыстардың басым бөлігі — 421,4 млрд теңге көлеміндегі құрылыс қызметтері — жеке меншік нысанындағы ұйымдар тарапынан атқарылды.
Облыста 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға жоғары.
Аталған көрсеткіштің 311,2 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үйлерге, ал 96,2 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі. Жалпы алғанда, шығысқазақстандықтар өз қаражаты есебінен 117 мың шаршы метр тұрғын үй салған.
Ал республика бойынша былтыр құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 10 704,8 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Ең жоғары көрсеткіштер дәстүрлі түрде Алматы (+43,5%), Астана (+32,7%) және Шымкент қалаларына (+20,3%) тиесілі.
2025 жылы елімізде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артық. Астана (4,8 млн шаршы метр), Алматы (2,6 млн шаршы метр) және Шымкент (1,4 млн шаршы метр) қалалары көш бастап тұр.
Қазақстан бойынша салынған тұрғын үйлердің 90 пайызы немесе 18,1 млн шаршы метрі жеке құрылыс салушылардың үлесіне тиесілі. Соның ішінде 7,1 млн шаршы метр тұрғын үй халықтың өз қаражаты есебінен тұрғызылған.
Тұрғын үйден бөлек, былтыр елімізде 234 жалпы білім беретін мектеп, 61 мектепке дейінгі ұйым, 5 аурухана және 154 амбулаториялық-емханалық ұйым ғимараты пайдалануға берілді.
Ал Шығыс Қазақстан облысында өткен жылы 8 мектеп, 6 амбулаториялық-емханалық ұйым, сондай-ақ 1 аурухана іске қосылды.
Қорыта келсек, Қазақстанда құрылыс жұмыстарының ауқымы кеңейіп, тұрғын үй бағытының өсім алғанын көрсетеді. Бұл үдерісте Шығыс Қазақстан облысы да ел даму қарқынына үлес қосып, құрылыс саласының негізгі бағыттары бойынша оң динамикасын сақтап келеді.
Марат Усманов
Аударған: Айдос Мырзахметов