KZ
Өскемен
-5°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Мүтән Таеновтың туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті

3.10.2023, 20:09 1 522 Ләззат Қанатқызы

Жоғарғы Тайынты ауылының орта мектебінде педагог Мүтән Таеновтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ол - өзінің саналы ғұмырын шәткірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Мүтән Құсайынұлы Таенов - 1923 жылы 15 қазанда Майлыс ауылында (Жоғарғы Тайынты ауылының маңында) дүниеге келген. Асубұлақ орта мектебінің 7-сыныбын бітірген соң, көрші Кіндік мектебінде бір жыл мұғалім болып қызмет еткен. Кейін Семей қаласындағы сол кездегі мұғалімдерді даярлайтын екі жылдық курсты тәмәмдап, диплом алады.

Ұлы Отан соғысы басталған жылы ол Манат ауылындағы мектепке жұмысқа орналасады. Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түскенімен, анасы мен қарындасының соғыс жылдарындағы ауыр жағдайларына байланысты оқуын тастап, елге оралады. Сөйтіп Манат мектебінде 1948 жылға дейін ұстаздық етті.

1948 жылдан Таенов Жоғарғы Тайынты ауылындағы мектепте, 1960 жылдан бастап «Қазақ ССР-ның 40 жылдығы» деген мектепте 35 жыл бойы математика пәнінен сабақ берген.

Әріптестері мен тәрбиелеген шәкірттерінің айтуынша,  Мүтән Таеновтың өзіндік әдістемесі болған. Оны бүгінгі күнге дейін орта мектеп мұғалімдері қолданатын көрінеді. Ардақты ұстаз әр шәкіртіне сенім артып, оралдың  әрқайсысымен ортақ тіл таба білген. Сол еңбегі бағаланып, 1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек Қызыл ту» орденімен, 1971 жылы «Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30 жыл» медалімен және 1981 жылы «Октябрь Ревалюциясы» орденімен марапатталған.

 

Мүтән Таеновтың туғанына 100 жыл толуына орай өзі қызмет еткен білім ордасында салтанатты жиын, спорттық шаралар мен концерт ұйымдастырылды. Шараға еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-шақын шет елдерден ат терлетіп ұстаздың әріптестері мен түлектері де келген.

Ұлан ауданының білім бөлімінің басшысы Ринат Жаманбаев өз сөзінде Мүтән Таенов атындағы негізгі орта мектеп бүгінде аудандағы үздік білім ордаларының бірі екенін атап өтті.

- Бұл мектептен «Алтын белгі» иегерлері көп шығады. Сондай-ақ түрлі байқаулар мен спорттық жарыстарда да биіктерден көрініп жүрген мектептердің бірі. «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерге аттанып, Қазақстанда ғана емес, шетелдік оқу орындарын да үздік аяқтап жатқан түлектер қаншама, - дейді ол.

Мүтән Таенов жұбайы Қамар Шаймарданқызымен 9 бала тәрбиелеп өсірген. Қыздары Назкен, Назгүл мен Римма да әке жолын қуып, қасиетті ұстаздық жолды таңдапты.

Ал ұлдары Төлеген, Базылхан, Ақан, Фазыл, Алтай мен қызы Раушан техникалық бағыт бойынша жоғары оқу орындарын тәмәмдаған.

- Болашақ мамандықты таңдауда әкенің рөлі ерекше. Менде өз әкеме еліктеп мұғалім болуды армандадым. Оның өз жұмысын қалай жақсы көретінін, адамдардың да ұстаздарға қандай құрметпен қарайтынын көріп, қызығатынмын. Осылайша, арманыма жетіп, химия пәнінің мұғалімі атандым, - дейді қызы Назкен Таенова.

Мүтән Таенов 1989 жылы туған ауылының маңында жол-көлік апатынан көз жұмады.

Ал, 1997 жылғы 3 қарашада Жоғарғы Тайынты ауылының орта мектебіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ауыл мұғалімі Мүтән Таеновтың есімі берілген.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу