Өскеменде дүкеннің сатушысына шабуыл жасалды (видео)
Өскемендегі бейнебақылау камераларының біріне дүкеннің сатушысына жасалған шабуыл түсіп қалыпты. Бейнежазба Instagram әлеуметтік желісіндегі oskemenlive парақшасында пайда болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Лесхоз кенті, Орманды көшесі, 11. Ер адам дүкеннің сатушысын соққыға дықты. Оқиға 20 желтоқсанда сағат 23.15 кезінде болған. Дүкеннің қожайыны дер кезінде келіп, құтқарып қалмағанда, әйелді өлтіріп тастайтын еді. Айуандықпен соққыға жыққан екен. Оқиға орнына полиция шақыртылып, бейнежазба соларға берілді. Үш сағатқа ғана қамаға алынды... » - деп жазады осы видеоны жариялаған әлеуметтік желінің қолданушысы.
ШҚО ПД ақпаратына сүйенсек, сатушы әйелге шабуыл жасаған адам облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны екен. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам. Қазір ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Дүкеннің сатушысы мен оны соққыға жыққан ер адамның азаматтық некеде тұратыны белгілі болды. Енді оған жәбірленуші әйелмен байланысқа түсуіне уақытша шектеу қойылды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы әлі де анықталуда.