ШҚО-да есірткі қойып кетуші ұсталды
Фото: ШҚО ПД баспасөз қызметі
ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдеріне Өскемен қаласында психотроптық заттарды қойып кетуді жүзеге асыратын облыс орталығының тұрғынына қатысты ақпарат келіп түскен.
Осы ақпаратты тексеру барысында тәртіп сақшылары ШҚО ПД ОЖВ арнайы бөлімшесімен бірлесіп, облыс прокуратурасының қатысуымен аталған ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ұсталған 20 жастағы ер адамды жеке тінту кезінде 12 полимерлі ұнтақ және түйіршік түріндегі зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 2 грамнан асатын "мефедрон" және "а-pvp" психотроптық заты екені белгілі болды. Бұл аса ірі мөлшер болып табылады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі, яғни аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.